Сирияда уақытша үкімет құрылды

317
Adyrna.kz Telegram
Фото: vedomosti.ru
Фото: vedomosti.ru

Сирия премьер-министрінің міндетін атқарушы Мұхаммед әл-Башир елде уақытша үкіметтің құрамы жасақталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы РИА Новости ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Уақытша үкімет құрылды, ол "Құтқару үкіметінің" бірнеше министрінен тұрады. Бұл үкімет 2025 жылдың наурызына дейін, конституциялық мәселелер шешілгенге дейін қызмет атқарады", – деді ол.

Бұған дейін, сейсенбі күні, әл-Башир өзін үкімет басшысы қызметіне тағайындау туралы мәлімдеген еді

Оның айтуынша, үкіметтің міндеттері – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік институттардың тұрақтылығын сақтау, елдің ыдырауына жол бермеу және жаңа кабинет құрылғанға дейін азаматтарға қызмет көрсету.

Әл-Башир бұрынғы үкімет министрлерінің көмегіне үміт артатынын атап өтіп, үкімет алдында көптеген сынақтар тұрғанын айтты.

'Құтқару үкіметі' қарулы оппозиция тарапынан құрылған. Оның билігі Идлиб провинциясы мен Алеппо провинциясының солтүстігіндегі қарулы топтар бақылауындағы аумақтарға таралған. Ал ресми Сирия үкіметін премьер-министр Мұхаммед Ғази әл-Джаляли басқарған.

Дамаск қарулы оппозицияның бақылауына өткеннен кейін әл-Джаляли бірнеше министрмен елде қалатынын және қарулы оппозиция басшылығымен байланыс орнатқанын мәлімдеді.

Алдын ала Сирияда билікке келген топтардың өкілдері билікті тапсыру және анархияның алдын алу мәселелерін талқылаған. Ұсынылған қадамдардың ішінде барлық әскери топтарды таратып, оларды әскери операцияларды басқару басқармасының қоластына біріктіру туралы ұсыныс айтылған.

Еске сала кетейік, Башар Асад Сириядан қашып кеткен еді. Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Президент Башар Асад кейбір қақтығысқа қатысушылармен келіссөздер жүргізіп, өз қызметінен кету және республиканы тастап шығу туралы шешім қабылдаған. Бұл келіссөздерге Мәскеу қатыспаған.

Кейінірек Кремльдегі дереккөз РИА Новости агенттігіне Асадтың отбасы мүшелерімен бірге Ресей астанасына келгенін, гуманитарлық себептерге байланысты оларға баспана берілгенін хабарлады.

Пікірлер