Ұлттық ойындар ертеден келе жатқан дәстүрге жатады. Оның әрқайсысының өз ережелері бар. Сондай-ақ, барлық ойындар баланың денсаулығына пайдалы. Оның дене тұрпатының жетілуіне, жылдам қимылдауына және тез ойлануына мүмкіндік береді. Адам бойына қажетті төзімділік, ептілік, сақтыққа да үйретеді. Сабырлы болуға дайындайды. Демек, баланың ойының да өрістеуіне үлесі зор. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған.
Қой асығы демеңіз, Қолға жақса сақа қой!
Көшеде келе жатырмыз. Әлде бір қабат үйдің алдындағы кішкентай алаңқайда үш бала асық ойнап жүр. Таңырқай қарадық. Байқасақ, ортаға үш асық тігіп, үш табан ойнап жүр екен. Біртүрлі балалық шақ есімізге орала кеткені… Ия, бүгіндері асық ойнау – «заманауи» балаларға бір түрлі ерсі көрінуі де ғажап емес. Себеп, ұлттық ойынның мәнін ұмытқалы қашан?
«Асық ойнаған азар» деп атам қазақ қалай айтқанын кім білсін, ұзақ күнді «бүк-шікпен» өткізбесін деп, ойын баласына ескерткені шығар. Әйтпесе, асық ойнап азыпты дегенді естімедік. Қазір балалар үшін ойынның түрі көп, әсіресе компьютерлік ойындардың саны есепсіз. Көбісі, атыс-шабыс, төбелестерден тұрады. Мұның бала денсаулығына, психологиясына қаншалықты зиян екенін айтып, зар қағушылар көп. Сабақ оқитын уақытын ойын клубтарында өткізіп, таңға компьютердің алдынан шықпай бозарып жүретін қала балаларын көргенде, «асық ойнап, алшы тіккен» балалық шағыңа тәуба дегің келеді…
Асық ойыны – қазақтың дәстүрлі ұлттық ойыны. Қой, арқар, құлжа, торпақ (тайынша) секілді жануарлардың асықтары арқылы ішінен үлкенін, оңқайын, алшы тұруға ыңғайлысын сақа етіп таңдап, түрлі ойын өткізуге мән берген. Мұнда асық ойынын ойнау үшін қолайлы жер таңдалады, ол көк мұздың үсті, яки қатқақ, тегіс жер болуы керек.
Асық ойынының басты мәні – атыс пен ұтыста. Атыс ойынында дәлдемпаздық пен сергектік, мергендік бірінші орында тұрады. Мұндай ойын түрлеріне үш табан, бүгіп алу, жарып алу, мергендік немесе шеңбер жасап ату, сыпырмай, қасындағы асықтарды қозғалтпай алу кіреді. Ойынды екі немесе одан да көп бала ойнауы мүмкін, ойын түрі балалардың саны мен келісіміне қарай өзгеріп отыратындығы да бар. Бір айтарлығы, әр өлкенің, әр аймақтың асық ойыны әртүрлі болатыны да рас. Ал ұтыс түрлерінде асық қағу, шұбырту, қаршу, ұпай жинау, ат жарыстыру, қошқар соғыстыру, мұз ойнақ, хан ойыны, асық табысу, бүк-шік, төрт шүкейт секілді біршама ойын түрлері қамтылады.
Асық ойынын қағу, ату, тігу болып негізгі жақтан үшке жіктейді: қағу – сырмаққа қалың асықты шашып жіберіп ойнау түрі, бұның да түр-түрі бар, соның ішінде кең тарағаны сақаны әуеге атып сырмақтағы шашылған асықтардың ішінен біріңғай бүк, шік, яки тайқы түскен жұп асықтарды ретімен қақшып алып, сақаны сол асықтарды жинаған қолына жерге түсірмей қондыру; асық тігу – белгілі бір жерді таңдап алып, сақамен ортаға тізілген асықтарды дәлдеу, шеңберден шығару, сол арқылы ортадағы асықты өз үлесіне қосу; асық ату – ортаға шашылған асықтың ұқсас ыңғайда түскендерін бірі-бірімен дәл көздеп, сол арқылы ұпай жинау. Мұндай ойын кездерінде сақаның алар орны ерекше. Сақа алшы түссе, барлық ойында жеңіске жетуге мүмкіншілік зор. «Асығы алшысынан түсу» деген тіркес осындай себептен туған.
Асық ойнаудың мәні – қыр баласында ойнайтын ойын түрінің аздығынан емес. Оның өзіндік салт-жоралғыны, бауырластықты, достықты, бірлікті дәріптейтін тұстары да көп.
Адам мінезінің төзімділігі мен шеберлігі, шыдамсыздығы мен өзімшілдігі осындай ойын кезінде сыналады. Ойыншының мергендік пен ептілігі, асық жинау, таңдау, күтудегі ұқыптылығы ел көзіне ертерек ілігетін қасиет. «Асық ойнап, алшы тігіп, мұзбалақ боп шапқылап» жүретіндерді сынайтын сынақтың да бір түрі.
«Бес тас» – Бойжеткендер ойыны
Ауыл балаларының сүйікті ойындары көп-ақ. Ұлдар асық атса, қыздар «бес тасқа» кірісуші еді. «Бес тас» ойынын өзімізден жасы үлкендерден үйрендік. Бұл ойын жылы жерде отырып ойнағанға ыңғайлы. Өйткені, суық күні далада тоңбайсың, ішің де пыспайды. Кішкентай болғандықтан біздің қолымыздың ебі де келе бермейтін еді. Оның қыр-сырын біліп алған ересек қыздар қолдары майысып, барлық кедергілерді жеңіп шығатын. «Бес тастың» қызығына кіріп кеткеніміз сондай көрші әже де бізбен бірге жарыса кететін. Ол кісінің қолының жылдамдығына қайран қалушы едік. Бұл ойынның да өзге ұлттық ойындар сияқты қағидалары бар. Мысалы, қыз бала өзінің қолына ыңғайлы тастарды таңдап алады. Олардың пішімі де біркелкі болуы тиіс. Ең алдымен, «бес тастың» бастамасы саналатын «бірлік» түрінен өту керек. Яғни, бір тасты аспанға қарай лақтырып, жердегі қалған төртеуін кезекпен бір-бірлеп жинайды. Одан сүрінбей өткен адам «май жалаққа» көшеді. Бұнда бір тасты лақтырып, сұқ саусақпен жерді бір сылап, лақтырған тасты қағып алу қажет. Осы қалыппен бес тасты да кезектестіріп шығады. Бір қарағанда, жеңіл көрінгенімен бұл ойын ептілікті, жылдамдықты талап етеді. Ең қиыны «жаңбыр» еді. Аты айтып тұрғандай, алдымен бір тасты лақтырып, жердегі төртеуін қосып жинап алу керек. Одан кейін екі, келесіде үш сөйтіп лақтырған топ тастарды жердегілерімен бірге алақанға жинап алып отыру қажет. Соңындағы лақтырылатын төрт тастың басын қосып жинап алу ең қиын кезең болып табылады. Соңғы кезең «Ұяшыққа кіргізумен» аяқталады. Барлық кедергілерден өтсең, жеңімпаз атанасың. Бірақ бұл жеңіс оңайлықпен келе қоймайды. Қыздар өз тастарын көзінің қарашығындай сақтап қоятын. Балалар ойыншықтарының арасында жататын бес тасты қазір кездестіре алмайсыз-ау…
«АҚСЕРЕК – КӨКСЕРЕК»,
БІЗДЕН СІЗГЕ КІМ КЕРЕК?
Ұлдар мен қыздар бірігіп ойнайтын балалар ойынының бір түрі – «Ақсерек – Көксерек». Онда жиырма шақты бала екі топқа бөлініп, қол ұстасып, бір-біріне қарама қарсы тұра қалады. Аралықтары 5-7 метрдей алыс болуы керек. Сөйтіп екі жақ:
– Бөлінейік екіге,
Тұрайық жолдың шетіне,
Қол ұстасып алайық,
Ажырамастай бекіне, –
деп екіге жарылады.
Бірінші топ:
– Ойынға бала көп керек,
Қалмасын ешкім өкпелеп.
Ақсерек – Көксерек,
Сіздерге бізден кім керек?
Екінші топ:
Мықты біздің шебіміз,
Бұздырмаймыз, тегі, біз,
Болса сынап көріңіз,
Күшіңіз бен ебіңіз.
Біздің берік араны, -
Екпінмен соғып қалады.
Бұзса олжа алады,
Бұзбаса тұтқын болады.
Шақырамыз сынаққа,
… – деген баланы.
Осы кезде аты аталған бала қарсы беттегі топқа қарай жүгіріп, қол ұстасып тұрған балаларды бұзып өтуге талпынады. Бұза алмаса сол топта қалады. Бұзып өтсе, сол жақтан біреуін өз тобына ертіп келеді. Соңында саны азайып қалған топ жеңіліске ұшырайды. Бұл ойынның да қулықтары жетерлік. Қарсы топ шамасы жете қоймайды-ау деген нәзіктеуін шақыруы мүмкін.
Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек, ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды естен шығармайық!
Ақерке МЕКЕТАЕВА, «Дала мен қала».