Қазақстанның ең ірі мәдени және спорт орталықтарының бірі – Алматы қаласы. 2023 жылғы дерек бойынша, Алматы қаласында 100-ден астам республикалық, қалалық және жеке меншік нысанындағы мәдениет ұйымдар, оның ішінде 19 театр, 26 музей, 34 кітапхана, 19 кинотеатр, 11 концерттік-демалыс ұйымдары, цирк, хайуанаттар бағы бар. Жыл сайын бұл сан артып, дамып келеді.
Алда Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасының жүзеге асу барысында қалада бірнеше мәдени ошақтардың пайда болу күтілуде.
Сондай-ақ, Алматыда 3 703 спорт нысаны, 25 workout алаңы бар. Әкімдіктің мәліметінше, қалада салауатты өмір салтымен 13 000-нан астам адам қамтылған.
Дегенмен, мегаполистің спорттық және мәдени инфрақұрылымы қалай дамып келеді? Мәдениет пен спортты қалада дамытпақ үшін не істемек керек?
Бұқаралық спортты дамыту
Алматы қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірнеше маңызды қадамдар жасалды. Біріншіден, қала билігі спортқа қолжетімділікті арттыруға көп көңіл бөлуде. Соңғы жылдары ашық спорт алаңдарының, футбол және баскетбол алаңдарының саны артып, түрлі аудандарда тұрғындардың тегін жаттығу мүмкіндіктері жақсарды.
Мәселен, "Спорттық Алматы" жобасын атап өтуге болады. Бұл жоба тұрғындарды спортпен белсенді айналысуға тартуға бағытталған. Жоба аясында қала бойынша бұқаралық жүгірулер, веложарыстар, ашық фитнес сабақтары және басқа да спорттық іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, "Алматы марафоны" секілді бұқаралық спорт жарыстары қатысушылардың санын жыл сайын арттырып, халықаралық деңгейге көтеріліп отыр. Бұл марафон әлемнің түкпір-түкпірінен спортшыларды жинап, Алматының спорттық қала ретіндегі мәртебесін арттырады.
Одан бөлек, қалада әртүрлі спорт түрлері бойынша секциялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Балалар мен жастардың спорттық дамуына ерекше назар аударылады. Спорт мектептері мен спорт орталықтарының көпшілігінде балалар мен жасөспірімдер үшін тегін немесе жеңілдікпен сабақтар ұйымдастырылады. Мысалы, мектеп жасындағы балалардың спорттық жарыстарға қатысуы олардың дене шынықтыру деңгейін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар жас ұрпақты белсенді өмір салтына баулиды.
Алматыда бұқаралық спортты дамыту мақсатында велосипед жолдары желісі кеңейтілуде. Бұл экологиялық таза көліктің түрін қолдану арқылы тұрғындарды спортпен айналысуға ынталандырады. "Almaty Bike" велошеринг жүйесі қала тұрғындарына қолжетімді әрі ыңғайлы көлік түрін ұсынып, салауатты өмір салтын насихаттайды.
Қала тұрғыны Тажиуразова Аружан Алматының спортқа бейімділігіне разы екінін және осындай бар мүмкіндікті пайдалануға ұмтылатынын айтады.
“Менің Алматыға көшіп келгеніме 7 жыл болды. Алғаш келгенде көшелерде, саябақтарда тұратын спорттық алаңдарды байқап, таң қалғанмын. Сода кейін күнде таңғы 6-да тұруды әдетке айналдырып, сондай орындарда жаттығу жасайтын болдым. Қазір таңертең ерте бірге жаттығу жасайтын адамдар тобы да жиналды. Спортпен айналысамын деген адамға бұл тегін мүмкіндік”, дейді Аружан.
Мәдениетті Алматы
Алматы қаласы мәдениет саласында да белсенді дамуда. Мәдениет ұйымдары мен мекемелерінің көптігі Алматыны Қазақстанның мәдени орталығы ретінде ерекшелендіреді.
Алматыдағы халықаралық кинофестивальдер мен көркем өнер көрмелерін айтуға болады. Әр жыл сайын өткізілетін "Еуразия" халықаралық кинофестивалі қалаға шетелден танымал кино мамандарын тартып, қазақ киносының дамуына жаңа серпін береді. Бұл шара Алматының мәдени беделін арттырып, қазақ кино өнерінің танымалдылығын жаһандық деңгейге көтереді.
Мәдениетті дамытуға арналған тағы бір жоба – "Алматы – мәдениет қаласы" бағдарламасы. Бұл бағдарлама мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, мәдени нысандарды жөндеу және қалпына келтіру, сондай-ақ қаладағы мәдени көріністерді дамытуға бағытталған. Бағдарлама аясында музыкалық концерттер, театр қойылымдары, кітап көрмелері және басқа да мәдени іс-шаралар өткізіледі.
Алматыда жастар арасында мәдениетті дамытуға арналған көптеген шығармашылық үйірмелер мен студиялар жұмыс істейді. Бұл студиялар жасөспірімдерді өнерге, музыкаға, бейнелеу өнеріне баулып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, Алматы қаласында ұйымдастырылатын "ARTBAT FEST" заманауи өнер фестивалі қала тұрғындарына заманауи өнер әлемімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл фестиваль өнерді халыққа жақындату мақсатында қаланың түрлі аудандарында ұйымдастырылып, өнер мен мәдениеттің маңыздылығын арттырады.
Бұқаралық спорт пен мәдениетті дамытудың әлеуметтік әсері қандай?
Алматы қаласындағы спорт пен мәдениет саласындағы белсенді іс-шаралар тұрғындардың өмір сапасына оң әсер етуде. Спорттық шаралар адамдардың физикалық және психологиялық денсаулығын жақсартады, тұрғындардың белсенділігі мен денсаулық көрсеткіштерін арттырады. Бұқаралық спортқа қатысу арқылы қала тұрғындары бір-бірімен танысып, жаңа достар тауып, әлеуметтік байланыстарын нығайтады.
Мәдени іс-шаралар мен өнерге қол жеткізу тұрғындардың рухани байлығын арттырып қана қоймай, олардың патриоттық сезімін де күшейтеді. Мәдениет арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты тәрбиелеу және қоғамның рухани дамуына ықпал ету мүмкіндігі пайда болады. Мысалы, Алматы қаласындағы музейлер мен көрмелерге жасөспірімдерді тарту олардың отансүйгіштік сезімін арттыруға, тарихи мұраларға деген қызығушылығын оятуға септігін тигізеді.