Алматы қаласы — Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосып отырған жетекші аймақтардың бірі. Қалада елдің ірі қаржы институттары, банктер, сақтандыру компаниялары, қаржы технологиясы (fintech) компаниялары және басқа да қаржы ұйымдары шоғырланған. Қала экономикасының маңызды бөлігі – шағын және орта бизнес.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың мәліметінше, 2023 жылы Алматының экономикалық әл-ауқаты он бір айдың ішінде 13%-ға өскен. Алматыда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда айтарлықтай жоғары болған.
Бүгінде Алматы экономикасын дамыту мақсатында бірнеше стратегиялық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, "Алматы Бизнес" бағдарламасы қаладағы кәсіпкерлерді қолдау үшін іске қосылған. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге гранттар, жеңілдікті несиелер және консалтингтік қызметтер ұсынылады. Бұл қолдау шаралары жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және қала экономикасының әртараптандырылуына ықпал етеді. Мәселен, Алматы қаласында бұл бағдарлама арқылы 2022-2023 жылдары 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, бұл қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізіп келеді.
Дегенмен, Алматының экономикасын дамыту үшін ақарар шаралар жетерлік. Соның бірі — туризмді ілгерлету.
“Алматы экономикасын әртараптандыруда туризмді дамыту маңызды. 2023 жылдың 9 айында туристердің саны 17,4 пайызға өскен. Оның ішінде шетелдік туристердің үлесі бір жарым есеге артыпты”, – деген болатын Ерболат Досаев 2023 жылы коммуникациялар қызметі алаңында.
“ҚАЗАҚСТАН — ӨРКЕНИЕТТІҢ ОШАҒЫ”
Белгілі экономист Жанұзақ Әкім де Алматының экономикалық әл-ауқатын арттыру үшін туризмді дамыту керегін баса айтады.
”Алматының экономикасын туризмі арқылы да еселеп дамытуға болады. Жылына 3-4 миллиондарын құртып, халық шетелдік шипажайлара, демалыс орындарына баруға құмар. Біз де сондай әсем табиғатымызды пайдаланып, арнайы шипажайлар салып, демалыс орындарын жасар болсақ, мол қаржыға кенелер едік.
Мәселен, Францияда жылына туризмнен 100 млрд доллар ақша келіп түседі екен. Париждің өзінде 80 түрлі объекті бар. Сондықтан адамдар сондай жерлерді көру үшін барады. Ал бізде тым аз. Дүниежүзінде жоқ ерекше объектілер салсақ, туризмді де арттыра түсетін едік. Бізде басқа өркениеттерде жоқ дүниелер бар. Қазақстан өркениеттердің ошағы.
Сонымен қатар, университеттер мен ғылыми зерттеу институттарындағы жобаларға көңіл бөіліп, оларды жүзеге асыру. Мысалы, Қазақстан бойынша тәуелсіздік жылдары бірде-бір рационалдық ұсыныс болмаған. Яғни, бұл сала бізде өлі. Инновацияға көп қаржы керек. Cоны дамыту арқылы бір қаланың ғана емес, елдің экономикасын арттыра түсер едік”, дейді Жанұзақ Әкім “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, экономист қалаға жаңа зауыттар мен жылыжайлар салуды ұсынады.
“Алматы республика бюджетінің 20-22%-ін құрайды. Мен “Алматы мен Астананы комплексті дамыту” деген жоба дайындағанмын. Қазір соны жүзеге асырудамыз. Ол бойынша Алматы жылына 6-7 млрд долларды босқа жоғалтып жатқанын, сол үшін тиімді пайдаланып, экономиканы арттыру тәсілін ұсындық.
Аталған 6-7 млрд доллар қайда кетіп жатыр? Көбіне,Қытайдың тауарларын тасуға, шетелден құрылыс материалдарын алуға және көп артық шығындарға кетіп жатыр. Соған қатысты біз Алматыда 60-65, Астанада 50 зауыт салу туралы бағдарлама бердік.
Еліміз азық-түлікті де жан-жақтан әкеледі. Сондықтан Алматының айналасына 12 мың гектардан бастап, 20 мың гектарға дейін жылыжай салуға болады. Ол кезде 200 мыңнан астам адамға жұмыс та табылар еді. Жыл сайын қалаға көкөністер мен жеміс-жидектер беріп тұрсақ, теңге тұрақталады. Өйткені, біздегі теңгенің инфляцияға кетуіне 60%-дай осы әсер етеді. Сонымен қатар, жұмыссыздық азаяды, азық-түлікпен қамтамасыз ету өзімізден болады.
Одан бөлек, инновациялық зауыттардың көп болғаны маңызды. Олар жылына 25-30% өсім берер еді. Ал біздің Қазақстанда қазір шикізат 2-3% ғана өсім беріп отыр. Бұл он есе төмен”, дейді маман.
Қаржы және экономика секторын дамытуда мемлекеттік қолдау
Алматы қаласында экономиканы дамыту және инвестиция тарту бағытында мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, “Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы” аясында Алматы қаласында жаңа өндіріс орындары ашылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Бұл бағдарлама кәсіпорындарды жаңғыртып, қаланың өнеркәсіп саласын дамытуға ықпал етеді. 2023 жылы бұл бағдарлама арқылы Алматыда өндіріс көлемі 6%-ға артты.
Одан бөлек, “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы аясында Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау жалғасып келеді. Бағдарлама арқылы кәсіпкерлерге субсидияланған несие беру, инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету және бизнесті оқыту курстарын өткізу жүзеге асырылады. Мысалы, 2023 жылы Алматы қаласында бұл бағдарлама аясында 1000-нан астам бизнес-жоба қолдау тауып, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар, Алматы экономикасының маңызды элементі – инвестиция тарту. Қала әкімдігі шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында түрлі шаралар қабылдап келеді. Мысалы, "Алматы Инвест" бағдарламасы қалаға инвестиция тарту үшін арнайы жеңілдіктер мен қолдау шараларын ұсынып, жаңа жобаларды жүзеге асыруда. 2023 жылы Алматыға жалпы көлемі 500 миллиард теңгеденастам тікелей инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артық.
Мәселе мен мүмкіндіктер
Алматы қаласының экономикасы мен қаржы секторын дамытуда айтарлықтай жетістіктер болғанымен, белгілі бір мәселелер де бар. Біріншіден, инфрақұрылымдық проблемалар қаланың экономикалық өсіміне кедергі келтіруі мүмкін. Алматыдағы жол және көлік жүйесінің жүктемесі, экологиялық мәселелер экономиканың тұрақты дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл мәселелерді шешу үшін қала әкімдігі инфрақұрылымды жаңарту, қоғамдық көлікті дамыту және қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту бойынша жұмыстар жүргізуде.
Екіншіден, Алматының қаржы секторында білікті кадрлардың тапшылығы байқалуда. Қаржы және экономика саласындағы мамандардың жетіспеушілігі қызмет көрсету сапасына және саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет кадрларды даярлау бағдарламаларын дамыту және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру жұмыстарын қолға алуда.
Сондай-ақ, Алматы қаласы “шетелдік инвестициялар үшін тартымды аймақ” болып қала бермек. Қала әкімдігі инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған шараларды жалғастырып, шетелдік инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер мен преференциялар ұсыну арқылы экономиканы әртараптандыруды көздейді. Қаржы және технологиялар саласындағы инновациялар, соның ішінде блокчейн, криптовалюта, финтех шешімдер, Алматының қаржы секторын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Болашақта қаржы секторы мен экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық климатты жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шаралар Алматының халықаралық деңгейдегі қаржы орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға септігін тигізбек.
Дана Нұрмұханбет
”Адырна” ұлттық порталы