Жеке балабақшаларды лицензиялау мәселесі талқылануда

766
Adyrna.kz Telegram
Сурет: norma.uz
Сурет: norma.uz

Қазақстанда жеке балабақшаларға лицензия енгізу мүмкіндігі талқылануда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Білім министрі Ғани Бейсембаев  Мәжілісте сөйлеген сөзінде  министрлік бірінші кезекте балалар үшін қауіпсіз ортаны құруға көңіл бөлетінін атап өтті. Бүгінде еліміздегі жекеменшік балабақшалардың саны мемлекеттік балабақшалардың санымен бірдей.

"Бұл жағдайға тереңірек қарап, кез келген шешімді абайлап қабылдау керек. Кері әсер ететін басқа жағдайды туындатып алмауымыз қажет. Көпшілік келіседі деп ойлаймын, мемлекеттік мекемелерден кем емес, жоғары деңгейде жұмыс істейтін жеке білім беру ұйымдары бар. Сондықтан лицензиялау мәселесін толықтай, мұқият талқылау керек, тепе-теңдік қажет", – деді Ғани Бейсембаев.

Ол лицензиялау 2025 жылғы қаңтардан бастап енгізілсе, көптеген жеке балабақшалар өзгерістерге дайын болмайтынын түсіндірді. Сонымен қатар, жаңа талаптар ведомствоға қатысты наразылық, түсінбеушілік тудыруы мүмкін екенін айтты.

"Біз барлық детальдарды талқылап, зерттеп, бәріне ыңғайлы, ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шешім қабылдауымыз керек. Тек лицензиялау үшін ғана лицензиялау дұрыс емес деп санаймын. Біз бұған гумандықпен, ақылмен, ештеңені қиратпай жетуіміз керек", – деді министр.

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов кәсіпкердің құқықтары балалардың құқықтары басталған жерде аяқталатынын баса айтты. Ол тәртіп орнату мақсатында балабақшаларды лицензиялауды қолдайды.

"Лицензиялауды енгізу керек. Тәрбие беру мекемелеріндегі жағдай адам құқықтарына, Конституцияға сәйкес келмейді. Бір жерде ұйықтауға, бір жерде тамақтануға болмайды. Оларда отбасыдағыдай жағдай болуы керек, балалар қарапайым демалуы қажет. Тағы да айтамын: 10 шаршы метрге 50 адамды топтастырып, бір-біріне кедергі келтіріп, 5-6 реттен ауырып жатса, бұл балалардың денсаулыққа деген құқығына сәйкес келмейді", – деді ол.

Пікірлер