Астанаға Ингушетия Республикасы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Магомед Евлоев бастаған бір топ делегация арнайы келіп, қонақ болды. Олар елордамыздағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументі, ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі және Астанадағы Республикалық Бас мешітте болды. Сондай-ақ қонақтар «Достық» үйіне барып, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Алқалы жиынға «Вайнах» шешен-ингуш этнобірлестігінің құрметті төрағасы Салман Героев және ҚХА-ның шешен-ингуш этно-бірлестігінің өкілдері қатысты. «Достық» үйіндегі іс-шараны Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова ашып жүргізді. Сондай-ақ ол Ингушетиядан келген қонақтарды этно-мәдени бірлестіктердің кабинеттері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен таныстырды.
«Ингушетия Республикасынан арнайы келген делегация елорданың көрікті жерлерін аралады. Нақтырақ айтсам, құрметті қонақтарды «Қазақ еліне мың алғыс» монументі, ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі және Астанадағы Республикалық Бас мешіт және «Достық» үйінің қызметімен таныстырдық. Сонымен қатар делегация өкілдері Астанадағы шешен-ингуш этнобірлестігінің «Вайнах» халық ансамблінің өнерін тамашалады. Ансамбль әртістері көрермендерге мерекелік көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады», - деді Ләззат Құсайынова.
Ингушетия Республикасы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Магомед Евлоев бұл сапардың ерекше болғанын айтады.
«Мен Қазақ еліне бірінші рет келіп тұрмын. Бүгін екінші күн Астанада болсақ та, өзімізді 1 ай әрі өз үйімізде жүргендей сезінудеміз. Әр ингуш қазақ халқына алғыс білдіреді. Себебі бүгінгі таңда біздің ұлт қазақ елінің арқасында тамырын тереңге жайды. Егер осыдан 80 жыл бұрын құшағын жайып қарсы алмаса, онда бүгінде біздің ұлт болмаушы еді», - деді Магомед Евлоев.
Ал «Вайнах» шешен-ингуш этнобірлестігінің құрметті төрағасы Салман Героев болса, Қазақ елінде әр түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын айтты.
«Ұлттың тарих сахнасынан жойылып кетуіне жергілікті қазақтар мүмкіндік бермеді. Бізді кеудемізден итермей, керісінше достық қолын созғаны үшін «рақмет» айтудан жалықпаймыз. Біз қазақ халқының ұлдары мен қыздарының мейірімділігі мен жомарттығын ешқашан ұмытпаймыз. Біз Қазақстанда өзгелермен тең дәрежеде өмір сүрудеміз. Осыларды арнайы келген делегация мүшелеріне айтып жатырмыз», - деді Салман Героев.