ТАРАЗДА ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

3527
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Баласағұн» орталық концерт залында «Keleshekke – kemel bilimmen» атты облыстық Тамыз кеңесі өтті, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы. Жиынға Жамбыл облысы әкім Асқар Мырзахметов қатысып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады.

Облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетованың айтуынша, биыл өңірдің білім саласына 130 млрд теңге бөлінген. Аталған қаржы өткен жылмен салыстырғанда 22,2 млрд теңгеге артық. Сондай-ақ ол бұл қаржының 5,1 млрд теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол өңірдегі білім жүйесінің жеткен жетістіктері мен түйінді түйткілдері туралы мәслелелерді айтып, баяндама жасады.
– Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық тамыз кеңесінде білім және ғылым саласында 8 мәселелі міндеттерді шешуді тапсырған. Президент сөйлеген сөзінде ұстаздардың ел дамуындағы рөлі туралы айтқан болатын. Бұл педагогтарға, оның ішінде жамбылдық педагогтарға да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Жалпы колледждер, қала және ауыл мектептеріндегі алшақтықты жойып, ата-ананың қорғауынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесін шешуіміз керек, – деді ол.
Сонымен қатар, Рахия Сейтбекқызы облыс көлемінде кейбір гимназия мен лицейлердің ешқандай көрсеткіштері болмаса да 5-7 жыл аралығында директорлық қызметте отырғандығын сынға алды. Сондықтан ол мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты арттыруды тапсырып, аудандардағы аналар мен әкелер мектебінің қағаз жүзінде болмауын қадап айтты.
Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өзінің қортынды сөзінде «Педагог Мәртебесі туралы» заңға ерекше тоқталды. Сондай-ақ, ол педагог қызметкерлердің лауазымдарына сәйкес 50-30%-ға дейін жалақыларының көбейтілетіндігін тілге тиек етті.
– Жамбыл облысында өз ісіне адал ұстаздар жеткілікті. Оған оқушылардың халықаралық ғылыми жарыстардан жүлделі орындарды иеленіп жатқандығы дәлел бола алады. Оның үстіне түлектердің 65% грант иегері атанып, Назарбаев университеті мен шет елдік жоғары оқу орындарына түсуде. Алайда мұндай жетістіктерге көбіне Тараз қаласының гимназиялары қол жеткізіп жатқаны жасырын емес, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, әкім 2019 жылғы Жамбыл облыстық конференциясының соңында бірқатар үздік педагогтарды марапаттап, ағымдағы жылы Тараз қаласындағы А.С.Пушкин атындағы №41 көп салалы гимназияның «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында жеңімпаз атанғандықтан 21 778 000 теңге сертификатын табыстады.

«АДЫРНА»
ұлттық порталы

Пікірлер