2 678 571 теңге жыры. Жетіқаралықтар арам шөпті емес, арам ақшаны отап жатқан жоқ па?

1040
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданының Жітіқара қаласының әкімдігі "Жітіқара қаласының аумағында жабайы шөпті шабу жөніндегі қызметтер" деген тақырыппен тендер жариялап, аталған жұмысқа бюджеттен 2 678 571 теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік сатып алу туралы хабарлама 4 қыркүйек күні жарияланып, тендер жеңімпазы 11 қыркүйек күні анықталмақ. Техникалық сипаттамада тапсырыс орындаушы 43 500 шаршы метр жердің арам шөбін триммермен және қолмен шауып, отап отыруы керектігі көрсетілген. Саябақ пен скверлер шөбінің биіктігі 7 cантиметрден аспауын қадағалап, әр маусым сайын кемі 4 рет арам шөпті отауы тиіс. Сондай-ақ, техникалық сипаттамада тапсырыс берушілер қызметтің орындалу мерзімін де көрсетуді ұмытпапты. Онда жұмыс мерзімі "Шарт жасаған сәттен бастап - 2024 жылғы қазан" деп тайға таңба басылғандай жазылған.

Қызығы, қызметтің орындалу мерзімінің аяқталуына, яғни 2024 жылдың қазан айына дейін бар болғаны 26 күн қалды.  Тендер жеңімпазы анықталатын 11 қыркүйектен бастап есептесек 19 күн. Мұның сыртында тараптардың келісімшартқа қол қоймай, жұмысты бастамасы және белгілі.  Демек, әкімдік айналдырған 15 күн ішінде "әр маусым сайын" кемі 4 рет арам шөпті отатып, саябақ пен скверлер шөбінің биіктігі 7 cантиметрден аспауын қадағалай ала ма?

15 күнде 43 500 шаршы метр жердің арам шөбін бір рет шауып шығуға әбден болады. Бірақ, аумағының басым бөлігі техниканың күшімен, яғни триммермен шабылатын шөп үшін бюджеттен 2 678 571 теңге бөлу қаншалықты әділетті? Жетіқара қаласының әкімі арам шөпті емес, арам ақшаны отап жатқан жоқ па?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Ақан Бірлік

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер