«Құқықтық мәдениетті дамыту үшін білім беру идеологиясын жүргізу қажет»

559
Adyrna.kz Telegram

Құқықтық мәдениет кез келген қоғам дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыру құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ демократиялық институттардың дамуына ықпал етеді.  Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталына белгілі заңгер Мұхамедияр Нұрғалиұлы айтып берді.

Заңгердің айтуынша, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру - елдің дамуына орасан зор үлесін қосады.

«ЗАҢ ҮСТЕМДІК ҚҰРҒАН ЖЕРДЕ АДАМ ТЫНЫШ ӨМІР СҮРЕДІ»

Конституциямыздың 12 бабында айтылғандай,  «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс».

Заң үстемдік құрған жерде адам тыныш, қауіпсіз өмір сүреді. Ал құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі адамдардың билікке деген сенімі. Қазақстанның кез келген азаматы өзінің бұзылған құқығын қорғай алатындығына сенімді болса, бұл елдің зайырлы, құқықтық мемлекет болып қалыптасуына үлкен ықпал етері хақ”, дейді заңгер. 

«ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫН АРТТЫРУ —   ҚОҒАМ ТАЛАБЫ»

Ал  азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін қандай әдістер мен стратегияларды қолдануға болады?

“Өркениетке жетудің алғышартының бірі – құқықтық мемлекет құру екені бәсенеден белгілі. Ол үшін не істеуіміз керек? Ол үшін әрбір азаматтың азаматтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы жоғары болуы қажет. Ал тұлғаның құқықтық санасы жоғары болса, онда олар тәртіпсіздікке ұрынбайды, қылмысқа бармайды және жанындағылардың да теріс жолға түспеуіне әсер етеді. Мемлекетте тәртіп пен саяси тұрақтылық болған кезде ғана халықтың құқықтық санасы жетіледі, дамиды. Заңды сақтайды, қоғамға, қоршаған ортаға қауіптілігін туғызбайды. Сондықтан мемлекет үшін ең басты құндылық –халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әрине, ол ең алдымен адамның өзіне және отбасынан, ата-анасынан алған тәрбиесіне байланысты. Отанын, отбасын құрметтеген адам заңды,  ешқашан бұзбайды.  Ал халқымыздың құқықтық сауатын арттыру -  қоғамның талабы болып отыр. Ал құқықтық мәдениетті қалыптастыру қашан да өзекті. Өйткені құқықтық мәдениетті арттыру үшін білім беру салаларында, балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін құқықтық білім кеңінен берілуі тиіс.

Құқықтық мәдениетті арттырудың жалғыз жолы – құқықтық білімді кеңейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы үнемі насихаттау, ең бастысы, мектеп жасынан бастап құқықтық мәдениетті дамыту үшін білім беру идеологиясын жүргізу”, деді Мұхамедияр Нұрғалиұлы. 

Сондай-ақ, ол құқықтық мәдениетті қалыптастыруда тәрбиенің рөлі жоғары екенін айта кетті. 

“Әлемнің екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фарабидің «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген болатын. Ал батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген ешқашан құл болмайды» деген аталы сөзі бар. Әрине, халықтың құқықтық саяси белсенділігінің артқаны дұрыс. Бірақ саяси белсенділік басбұзарлыққа, тәртіпсіздікке ұласып кетсе, онда бұл саяси мәдениеттің төмендегені деп білеміз. 

Дұрысы, халықта құқықтық сана мен саяси сауаттылық өте жоғары болса, онда тәртіп бұзбай-ақ талабыңды орындатуға болады. Өйткені еліміздің дамуы мен тыныштығы және тұрақтылығы ең алдымен мемлекетімізде тұратын адамдар үшін қымбат”, деп қосты заңгер.

Қазіргі қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейін қалай өлшеуге болады?

«Кез-келген қоғамда құқықтық мәдениет үш деңгейде көрініс табады:

1)қарапайым;

2)кәсіби;

3)теориялық.

Құқықтық мәдениеттің қарапайым деңгейі адамдардың күнделікті өмірімен шектеледі және теориялық жалпылау деңгейіне көтерілмейді. Бұл деңгейдегі тұлғалар тек жеке басын қорғай алатын заңдарды білумен шектеледі, субъективті құқықтарды жүзеге асырады.

Құқықтық мәдениеттің кәсіби деңгейі заңгерлік қызметпен айналысатын адамдарға тән. Бұл деңгей заңды білудің, құқықтық мәселелерді, құқықтық қызметтің мақсаттары мен міндеттерін түсінудің жоғары деңгейімен сипатталады.

Теориялық құқықтық мәдениет тек құқық туралы білімнің ғана емес, сонымен бірге оның терең қасиеттері мен құндылықтарын, әрекет ету механизмін, заңның тиімділігіне әсер ететін факторларды және түсінудің жоғары деңгейін қамтиды.

Қоғамның құқықтық мәдениет дамыту үшін  оның үш деңгейі де маңызды рөл атқарады. Десе де,  кәсіби құқықтық мәдениеттің ерекше мәнге ие екенін атап өткен жөн”, деді Мұхамедияр Нұрғалиұлы. 

«ЗАҢ АЛДЫНДА БӘРІ ЖАУАПТЫ»

Заңгердің айтуынша, Қазақстандағы жасалған қылмыстың 70%-ы алаяқтық. Яғни, бұл адам құқығына зиянын тигізу.

Құқығы тапталған адам заңға жүгіне алады. Дегенмен, мынаны ескерген жоқ.  Азаматтық кодекс бойыша, арада қандай да бір келісім болып, құқығы қорғалған болса, азаматтық тәртіппен сотқа жүгінуіне болады. Алайда, сотқа бірден жүгінуге келмейді. Себебі, Азаматтық кодекстің 148-149 баптарының талаптарына сәйкес, бірінші өзара келісім жүргізу керек. Сосын барып сотқа арыздануға мүмкіндігі бар.

Ал егер арада ешқандай келісім болмай, сеніміне кіріп, өзінің ойлаған арам пиғылын жүзеге асыратын болса, онда оған қылмыстық жауапкершілік бар. Арыз жазу керек, оны құзырлы органдарға жазады. Айыппұл салынудан бөлек, қылмыстың ауырлығына қарай 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Заң алдында бәрі жауапты”, деп қорытындылады заңгер. 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер