Жақсы ауданының дәрігерлері күрделі отаны сәтті жасады

737
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жақсы аудандық ауруханасында жергілікті дәрігерлер Илизаров аппаратының көмегімен 38 жастағы науқастың сол жақ аяқ сүйегінің ортаңғы бөлігіндегі ашық көпжарылы сынуына ота жасады. Науқас жарақатты баспалдақтан құлаған кезде тұрмыстық жағдайда алған.

«Илизаров аппараты арқылы жасалатын сүйек дистракциялық остеосинтез отасы ұзын түтік тәрізді сүйектердің ашық сынуын емдеудегі әлемдік стандарт. Бұл әдіс науқастың отадан кейінгі күні-ақ белсенділік танытып, ота жасалған аяққа тұруына мүмкіндік береді, ұзақ төсек тартып жатудың алдын алады», - деп атап өтті отаға қатысқан хирургия бөлімінің меңгерушісі Аманжол Нұрмұхаметов.

Ота бір жарым сағатқа созылды. Оны екі хирург - Аманжол Нұрмұхаметов және емдеу ісі жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Жанайдар Қажденбеков жүргізді. Илизаров аппаратын қолданудың арқасында науқастың сынған сүйегінің тезірек бітісіп кетуіне қолайлы жағдай жасалады.

Науқас бірнеше күн стационарда болып, кейін амбулаториялық емдеуге ауыстырылады. Айта кету керек, Жақсы аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде экстрамедулярлық остеосинтез, өт жолы тастарына, жарықтарға және геморроидэктомияға қатысты күрделі оталар да жасалады, сондай-ақ тәулік бойы шұғыл хирургиялық және гинекологиялық көмек көрсетіледі.

«Біз хирургиялық базамызды белсенді дамытып жатырмыз және жаңа интрамедулярлық остеосинтез әдісін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алынуда», - деді Аманжол Нұрмұхаметов.

Соңғы екі айда аурухананың хирургия бөлімінде дәрігерлер 50-ден астам ота жасады, бұл медицина қызметкерлерінің жоғары біліктілігі мен тәжірибесін дәлелдейді.

Пікірлер