Бүгінгі таңда мемлекетіміздегі ең өзекті мәселелердің бірі азаматтардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру екені жасырын емес. Жаңа Қазақстанның басты ұстанымдарының бірі заң алдында барлық азаматтардың бірдей екенін халыққа ұғындыру болып отыр. Мәселен, елімізде құқықтық мәдениет қалыптаспағандығы түрлі оқиғалар орын алған сәтте анық байқалып қалады. Мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзған танымал тұлғалар жазаға тартылған сәтте оларды күндейтіндерден гөрі қолдайтын азаматтардың көп болуы осы сөзімізге айқын дәлел. Қазақстан заңы өз азаматтарын әнші, актер, молда, танымал тұлға деп жік-жікке бөлмейтіні, бай-бағылан да, жарлы да заң алдында бірдей екені санаға сіңбей қоғамда әділеттілік орнату мүмкін емес.
Халықтың құқықтық мәдениеті мен сауатын арттырып, заңдық білімін жетілдіру қоғамды дамытудың негізгі алғышартының бірі саналады. Демократиялық құндылықтар салтанат құрған батыс елдері мен дамыған мемлекеттерде құқықтық саясат бір жүйеге келген. Әр адам өз құқын қорғай да, сақтай да біледі. Заң алдында өзгенің жеке басын қорлауға жол берілмейді. Әр азаматтың жеке құқығының қорғалуы, қоғамдық сананың әділет биігіне жетуі кез келген мемлекеттегі құқықтық кедергілерді жояды. Мысалы, әр азамат өз құқығын білсе, азаматтардың бойындағы құқықтық мәдениеті толық қалыптасса, қоғамның дамуына кедергі келтіретін парақорлық секілді індеттердің жолы біржола кесілері анық. Парақор да, пара беруші де әділ жазаға тартылатынын сезінетін жүйе құру үшін заңның қаталдығы керек. Бүгінгідей перзентханадан бастап, о дүниеге аттанғанға дейінгі әр қадамыңа пара беретін жүйенің қабырғасын қатал заң ғана сетінете алады. Ол үшін ең алдымен азаматтарымыздың құқықтық білімін, білігін арттыруымыз керек.
Азаматтарды толыққанды теңдікке жеткізу құқықтық идея арқылы ғана жүзеге асады. Құқықтық теңдік дегеніміз – бостандық қағидасы. Ол бостандық қағидасының барар жері - Әділеттілік. Сондықтан да әлем жұртшылығы әрдайым теңдік мәселесін басты назарда ұстайды. Заң бәріне ортақ болмай, кез келген проблемалар, әкімшілік және қылмыстық әрекеттер, бәрі де заң шеңберінде шешілмей еліміздің құқық қорғау саясатын бірізге түсіре алмаймыз. Сол үшін де мемлекет құқықтық саясаттың нақты алға қойған міндеттерін анықтап, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын жаңғыртуға жағдай жасап беруі керек. Ақпарат құралдары түрлі танымдық-ақпараттық материалдар арқылы қазақстандықтардың құқықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін үздіксіз насихаттап отыруы тиіс!
Әр азамат өзінің заңдық құқығын қорғаудың жолын қалай білсе, оның белгілі бір межесі мен шекарасының да бар екенін де ұмытпауы керек. Мәселен "Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасы" деген құжат бар. Ол құжатта еліміздің 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының толық жүйесі тайға таңба басқандай жазылып тұр. Сондай-ақ тұжырымдамада мемлекеттік құқықтық саясат жүйесінің ұлттық сипатына да баса мән берілген. Тұжырымдамада әр азаматты құқықтық тұрғыда қорғау мәселесі, сот жүйелерін реттеу, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметті дамыту, сондай-ақ құқықтық білім беру мен құқықтық насихаттың басым бағыттарын айқындалған.
Бұл құжат біріншіден, ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыруды басты назарда ұстайды. Екіншіден, жалпы құқықтық сананы қалыптастырып, бұқараның құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейге жеткізуге жол ашуға бағытталады. Үшіншіден, бұл тұжырымдама халықтың заңды, қоғамдық тәртіп пен сотты құрметтеуге үйретуді басты міндеті санайды. Төртіншіден, аталған құжат қоғамдағы әлеуметтік мінез-құлық үлгісін анықтап, құқықтық нигилизмді жоюға септеседі.
Еліміздегі құқықтық мемлекет принциптерінің нығаюы үшін жоғарыда айтылған төрт бағыт та өте өзекті болып саналады. Бұл төрт тін ел азаматтарының мемлекеттің ертеңіне деген сеніміне үміт шырағын жағары сөзсіз. Яғни, мемлекеттің басты идеологиясы құқықтық құндылықтарды құрметтеп, азаматтық қоғамның қалыптасуына жол ашып беруі керек. Әр азаматтың конституциялық құқығы мен бостандықтары сақталса, қорғалса, ол елдің саясатына оң көзқарас қалыптасады. Ол оң көзқарас елге инвестиция тартудың басты көзіріне айналары сөзсіз. Сондықтан да біздің мемлекет алдында мемлекеттік басқару жүйесін тек құқықтық негізге сүйену арқылы ғана жүзеге асыруы керектігі байқалады.
Бұл орайда азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруды тек мемлекеттің ғана мойнына артып қоюға болмайды. Азаматтардың бойындағы заңды құрметтеу сезімін ояту ісі ұлттық идеология деңгейінде жолға қойылуы керек. Мәселен, балабақшадағы балалардың санасына лайықталған түрлі бағдарламалар арқылы құқықтық мәдениетті сіңіре бастауымыз керек. Бастауыш сыныптардан бастап, он бірінші сыныпқа дейінгі жеткіншектер мектептен құқықтық мәдениеттің әліппесін үйреніп шығуы қажет. Мемлекеттегі басты құндылық - заң. Оған құрмет көрсету азаматтық борышымызға айналуы керек.
Түйін
Ел тұрғындарының заң шеңберін айналып өтуге тырысуы, мемлекетте әділетсіздіктің орнығуына басты себеп болып отыр. Сондықтан да, заң үстемдігі салтанат құрған елде азаматтардың тыныш та, қауіпсіз өмір сүретінін әрдайым насихаттап отыруға міндеттіміз. Құқықтық мемлекеттің басты сипаты азаматтардың билікке деген берік сенімі арқылы ғана айқын көрінеді. Яғни, билік әр азаматтың жүрегіне сенім дәнегін себуге барын салуы тиіс. Ал, халық сол сенім негізінде өз құқықтарын қорғауға қабілетті болуы керек. Заман, қоғам талабына сай заңдар да дамып, өзгеріп отырады. Тіпті, Ата-Заң саналатын конституцияға да түзетулер енгізіліп, уақыттың ырқына сай өзгертілуі мүмкін. Сондықтан да кез келген қазақстандың заман талабына сай заңмен бірге құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын жаңартып отыруы қажет.
Абай Асыл
Адырна ұлттық порталы