"ов"-ты орысқа қайырып, таза тілді қолдану керек

94

НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛҰЛЫ: Біздің қазақ хат жазып қол қойса, кісі атын жазса орысшалап кетеді: "Жаманбай Аманбайов" деп жазады. Жаманбай хат жазып, қол қойса, өзі де Аманбайов деп қол қояды. Бұл Иван Ивановичтің тәржімасы. Бұл бізге орысқа қараған соң жұққан мінездің ноғай қотыры. Біздің түрікі тілінің салты, заңы осы: бұрынғы атақты билер бізге белгілі өздерінің ғана аттарымен: Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Едіге, Мамай, Ноғай, Жәнібек, Әйтеке... бұлардың кімнің баласы екенін өз елі ғана біледі. Бізге жақын билердің әкелері ғана бізге мәлім: Жәнібек әкесі Қошқар, Қазыбек әкесі Келдібек. Ноғайды Береке хан інісінің баласы дейді тарих жазушылар, Ноғайдың әкесін тарих та білмей қалған. Бұрынғы батырлар да өз аттарымен аталған — не пәленнің ұлы деп аталған: Шора батыр, Алпамыс батыр, Орақ батыр, Қарақыпшақ Қобыланды, Ақ Балтыр ұлы Уақ, Мәнжүр ұлы Шуақ, Кеңес ұлы Кенжебай. Бізбен жақын түрік — Стамбулдағы түрік. Тарих бұларды біздің қаңлы дейді. Қазақ ішінде қаңлы руының көбі Жетісуда. Түріктің тіл салты дәл біздікі сияқты: бұлардың атақты азаматтары өз аттарымен ғана аталады. Ануар бек, Талғат бек, Мұстафа Камал, Ризабек. Бұлардың әкесін түрікте болмаса, өзге жерде Һеш кім білмейді. Орыста тарих жазған Карамзин, ақын Пушкин хатты анық жалпы орыс жұртының тілімен жазған. Газет, кітап жазған, жұртын ағартам дегендерге Пушкин жолы қасқа жол болып шыққан. Бізге де газетте, жорналда, кітапта, кеңседе қазақ жұртының тіл салтына түскеніміз оң. Біз өз жұртымыздың тіл заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жанасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді. Сөйтіп біздің айтайық дегеніміз "ов"-ты орысқа қайырып, қазақтың таза тілінің салтын қолдану керек. Бұдан былай қол қойғанда, не сөз арасында біреуді атағанда "Байтұрсын ұлы Ахмет, Дулат ұлы Міржақып, Қожан ұлы Сұлтанбек" деп жазу дұрыс дейміз. Мақалаға қол қойғанда, хат жазғанда... Ахмет, Міржақып, Қойшыбай, Жаманбай деп қана жазса да болады.

Әсет АҚМОЛДА, 1923 ж. "Темірқазық" журналы, №2

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер