Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасына жаңа басшы тағайындалды

1460
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда облысы қоғамдық даму басқарма басшысы лауазымына жаңа кадр тағайындалды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Басқарма басшылығына Каюпов Руслан Мұхамедәліұлы тағайындалды.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында өңірдегі кадрлық өзгерістер таныстырылған.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы лауазымына сайланды.

Аймақ басшысы даму басқармасының басшылығына келген Руслан Каюповка сәттілік тіледі.

«Руслан Мұхамедәліұлы – туған жердің азаматы ретінде аймақтың қоғамдық-саяси ахуалымен етене таныс. Түрлі жауапты қызметтерде тәжірибесі толысқан, қызмет баспалдағымен сатылап өскен білікті кадр, жауапты маман. Шын мәнінде, өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуде қоғамдық даму басқармасының орны ерекше және жауапкершілігі жоғары. Бүгінде ішкі саяси тұрақтылық айрықша маңызға ие. Руслан Мұхамедәліұлы жаңа қызметте өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалға жүйелі мониторинг жүргізіп, әлеуметтік шиеленістерді болдырмауға, әлеуметтік-экономикалық талдауды жаңа қарқында дамытуға жұмыс жасайтын болады. Саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен, жастар, ардагерлер және кәсіподақ ұйымдарымен өзара іс-қимыл орнатып, қоғам тұрақтылығы мен халық сенімін сақтау жолында жауапты жұмыстарды жоғары деңгейде атқаратынына сенім артамыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жаңадан сайланған Руслан Мұхамедәліұлы 1984 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді, «Экономика» мамандығы бойынша білім алған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша «Экономика және бизнес» магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, «Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасы бойынша «Бизнес және басқару» магистрі.

Қоғамдық даму басқармасының басшылығына келген Руслан Мұхамедәліұлына “Адырна” ұжымының атынан сәттілік тілейміз! Жаңа қызмет құтты болсын!

Пікірлер