Целиноград ауданында 11 медициналық нысан салынып жатыр

910
Adyrna.kz Telegram

Целиноград ауданында Денсаулық сақтау саласында үлкен жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы басталды.

Атап айтқанда, Нұресіл, Арайлы, Оразақ, Жалғызқұдық ауылдарында 4 дәрігерлік амбулатория, Төнкеріс, Қараменді батыр, Мәншүк Мәметова, Ақжар, Өтеміс ауылдарында 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және Раздольное, Ынтымақ ауылдарында екі медициналық пункт салынады.

Мәншүк Мәметова, Қараменді батыр, Раздольное және Өтеміс ауылдарында жұмыстар 35-45%-ға орындалды - сыртқы қабырғаларды кірпішпен қалау жұмыстары, ішкі қабырғаларды сылау жұмыстары аяқталды, парапеттер мен желдеткіш шахталарды орнату жұмыстары басталды, шатырды орнатуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Нұресіл, Арайлы, Ынтымақ, Ақжар, Оразақ, Төнкеріс, Жалғызқұдық ауылдарындағы нысандарда құрылыс жұмыстары 5-15% орындалды. Шұңқырды толтыру және тығыздау, кірпіш қалауға дайындық және қоршау орнату, сыртқы және ішкі қабырғаларды қалау, құбырларды төсеу, бетон құю және төсеу арматурамен іргетасты нығайту, ІБҚ блоктарын орнату.  

Келесі жылы тағы 5 денсаулық сақтау нысаны – Жаңаесіл ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Жаңа Жайнақ, Жарлыкөл, Рахымжан Қошқарбаев ауылдарындағы 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және Шалқар ауылындағы медициналық пункт құрылысын бастау жоспарлануда.

Жалпы, бүгінгі күні ауданда аудандық емхана, алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 25 медициналық пункт және 8 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) жұмыс істейді. Ауданның медициналық мекемелерінде 83 жоғары білімді дәрігер және 237 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық жобаның мақсаты - ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру. Ұлттық жобаның бірінші міндеті Ауылдық елді мекендерді нормативтерге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету болып табылады. Ұлттық жобаның бірінші міндеті аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 655 МСАК нысандарын салу жоспарлануда.

Пікірлер