Ақмола облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

786
Adyrna.kz Telegram
Фото: dknews.kz
Фото: dknews.kz

Өңір басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі қаралды.

«Ағымдағы жылы жылу беру маусымына дайындалуға барлық қаржыландыру көздерден шамамен 32 млрд теңге бөлінді», - деп хабарлады энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а. Ақжол Қылышбаев.  - Жылумен жабдықтау көздері мен желілерінің тозуы жоғары өңірлерде – Көкшетау және Степногорск қалаларында, сондай-ақ Бурабай, Шортанды, Ақкөл, Атбасар аудандарында жөндеу жұмыстары ерекше назар аударуды талап етеді. Ондағы желілердің тозуы 56%-дан 81%-ға дейін. Алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық бойынша жөндеу науқаны бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

Жылыту маусымының сәтті өтуі және пәтерлерде температуралық режимді сақтау үшін маңызды фактор басқару органдарының көп пәтерлі тұрғын үйлерді қыста дайындауы болып табылады. Жоспарға сәйкес, облыста 2630 көп пәтерлі тұрғын үйдің дайындығын қамтамасыз ету қажет. Ең үлкен артта қалушылық Бурабай ауданында қалыптасты.

Су тасқыны кезінде электр желілерінің 286 тірегі зақымдалды, бүгінгі таңда 196-сы қалпына келтірілді, жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ, жиында жаңа абоненттерді жылу желілеріне қосу тәртібі, халықты көмірмен және мазутпен қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.

Марат Ахметжанов аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне бейінді басқармалармен бірлесіп, жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізуді және алдағы жылу беру маусымының үздіксіз өтуі үшін толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

«Біз штаттан тыс жағдайлар орын алған кезде салдарының тәуекелдерін бағалау және зақымдануды азайту үшін тез әрекет етуге дайын болуымыз, жылумен жабдықтаудың бұзылуына жол бермеуіміз керек. Сондай-ақ, апатты жағдайда отын мен материалдардың, жабдықтар мен техниканың нормативтік қорын қамтамасыз ету қажет», - деп түйіндеді Марат Ахметжанов.

Пікірлер