Су тасқынынан бүлінген үйлерді жөндеу үшін 257 млрд теңге керек

1617
Adyrna.kz Telegram
Фото: Тұрар Қазанғапов
Фото: Тұрар Қазанғапов

Үкімет су тасқынынан бүлінген үйлерді жөндеу үшін қанша қаражат керектігін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Үкімет есебінше, инфрақұрылымды қалпына келтіруге 48,7 млрд теңге қажет. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан бүлінген үйлерді жөндеу үшін 257 млрд теңге керектігін айтты.

«Шамамен 67 мың адам өз үйіне оралды, эвакуациялық пункттердегі 3664 тұрғынға қажет барлық көмек көрсетіліп жатыр. Су тасқыны басталғалы барлығы 12 мың 86 тұрғын үй мен 7 380 саяжай (жалғыз баспана) су астында қалды. Жалпы зардап шеккен өңірлерде 18 228 тұрғын үй зерттеліп (94%), 15 651 нысан бойынша бағалау аяқталды (81%)», - деді Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер су тасқынынан кейін 9 306 баспана қалпына келтіруге болатын, ал 8 190 баспана қайта жөндеуге келмейтін санатқа жатқызылғанын айтады.

"Олар бойынша қайталама нарықтан 5 714 баспана сатып алу және 2 506 типтік жобада баспана құрылыстары жоспарланған. Жалпы тұрғын үйді қалпына келтіруге шамамен 257 млрд теңге керек", - деді Қанат Бозымбаев.

Үкімет баспананы жөндеуге және қалпына келтіру үшін 6 176 отбасыға 40 млрд теңге өтемақы төлеген.

Үкімет басшысының орынбасары табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға 369 200 теңге (100 АЕК, 1 АЕК – 3 692 теңге) көлемінде біржолғы төлем төленгенін атап өтті. Вице-премьер тұрғындарға тұрмыстық техника алуға 7,6 млрд теңге берілгенін жеткізді.

"Бағалау аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға 150 АЕК (553 800 теңге) мөлшерінде  жоғалған қажет заттарды сатып алу үшін қосымша өтемақы төленуде. 7,6 млрд теңге көлемінде 15 355 отбасы өтемақы алды. Мал шығыны үшін мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты", - деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар бизнеске келген залалды өтеу бойынша жұмыс басталған. Бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге қомақты қаражат керек.

«Алдын ала бағалау бойынша, әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 48,7 млрд теңге қажет. Бұл қаражат автомобиль жолдарын, электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіруге және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталады. Бүгінде 39,8 млрд теңгеге жобалар дайындалып, құжаттаманың Қаржы министрлігіне ұсынылды», - деді Қанат Бозымбаев.

Пікірлер