Ақын Ұлықбектің мерейтойы туған жерінде кеңінен аталып өтті

1215

Айтулы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін мерейтойымен құттықтауға Шығыстың шығармашылық интеллигенциясы, оқырмандары мен қоғам өкілдері түгел жиналды. Бұл мерекелік шара облыс әкімдігінің қолдауымен өтті.
Салтанатты шара барысында Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өтті. Онда келушілер Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесін тамашалады. Көрмеде оқырмандардың назарына ақынның «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Журектегі жарылыстар», «Заман-ай», «Киіз кітап», «Қара пима» және «Ынтық зар» атты кітаптары қойылды.

Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, белгілі қаламгер Әлібек Қаңтарбаев жүргізіп отырды. Ол мерейтой иесінің өмір жолына, шығармашылығына тоқталып өтті. Бұдан соң жас ақындар мен зиялы қауым ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, антиядролық қозғалыстың әнұранына айналған «Заман-ай» әнін бірге шырқады. Басқосу барысында Ұ. Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағындағы жұмыс барысы мен болашақтағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.
Кездесуде ақынға күтпеген тосын сый ретінде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның бейнеқұттықтауы көрсетілді. Бейнеқұттықтауда халық әртісі Ұ. Есдәулеттің «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысқа қосқан үлес зор екенін атап өтті.
Кездесу соңы облыстық драма театрда өткен «Алтын ұям – Алтайым» атты шығармашылық кешпен жалғасты. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Ұлықбек ағаға жылы лебізін арнап, ақынның өңірміздегі және еліміздегі мәдени мұраның дамуына қосып жатқан үлесі зор екенін атап өтіп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің құттықтауын жеткізді.


Шығармашылық кешті тамашалауға жиылған көрермен қауымның назарына талантты жерлестерінің өмірінен сыр шертетін бейнесюжет ұсынылды. Бұдан соң Шығыс Қазақстандағы танымал әншілер мен вокалдық топтар Ұлықбек Есдәулеттің әндерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ал мерейтой иесінің өнердегі інісі Ақберен Елгезек Ұлықбек Есдәулеттің көптеген қазақстандық қайраткерлерге үлгі екенін атап өтті.
– Ол Қазақстан Жазушылар одағына басшылыққа келмей тұрып-ақ, поэзияның генералына айналып үлгерді. Поэзияда ұстаз болмайды дейді. Алайда ол біздің бағыт берер бағдаршамамыз сияқты. Қазір біз Ұлықбек Есдәулеттей болуға талпынамыз, - деді Ақберен Елгезек.
Салтанатты шара барысында мерейтой иесін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов, облыстық спорт, мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Түсіпхан Түсіпбекова, айтулы қазақстандық ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен еліміздің мәдениет қайраткері Аймұханбет Бейсембеков, кәсіпкер әрі меценат Қайрат Мусин құттықтап, ақ тілектерін айтты. Артынша Шығыс Қазақстанның кәсіпкерлері бірлесіп, мерейтой иесіне темір тұлпар мінгізді.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket