Қазақстан және Ресей парламентшілері ынтымақтастың мәселелерін талқылады

686
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 14 маусым Астанада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық парламенттік комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Отырыс алдында Мәжіліс төрағасы Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары, Ресей тарапынан комиссияның тең төрағасы Александр Жуковты қабылдады. Кездесуде тараптар алдағы күн тәртібіндегі негізгі аспектілерді және екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту жайын талқылады.

Парламентаралық комиссия жұмысын қайтадан бастау туралы шешім Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Ресей Федерациясына ресми сапары барысында қабылданды. Астанада өткен отырысты ашып берген Палата спикері Ресей Қазақстанның сенімді одақтасы және стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

«Жыл өткен сайын біздің қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Бұған көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттер басшылары әріптестікті дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Қазақстанда халықтарымыздың санғасырлық достығы ерекше бағаланады», – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік жылдарында достық пен сенімді нығайтуға бағытталған берік шарттық база қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ елдерімізді әлемдегі ең ұзын шекара байланыстыратынын айтып, былтыр өзара сауда көлемі айтарлықтай өскеніне, тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі екеніне назар аударды. Оған екі елден мыңдаған компания мен миллиондаған адам тартылған.

«Екіжақты қатынасты дамытуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біз түрлі алаңдарда жиі кездесеміз, пікір алмасамыз. Біздің әр басқосуымыз жаңа идеялар мен бастамаларға толы. Көптеген өзекті мәселе бойынша әрдайым ортақ шешімге келетініміз қуантады. Бүгін ұзақ уақыттан кейін комиссиямыздың жұмысын қайта жандандырғанымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге ынталылығымыздың айғағы», – деді Ерлан Қошанов.

Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков та өз сөзінде парламентаралық ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін айтты.

«Елдеріміздің көшбасшылары парламенттер алдына сауда-экономика, инвестиция саласындағы, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту міндетін қойды. Біз президенттеріміздің уағдаластықтарының іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуіміз қажет. Парламенттік өлшемдегі өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыру, азаматтарымызды толғандыратын мәселелерді шешу де өте маңызды», – деді Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары. 

Сонымен қатар Павел Казанцев пен Виктор Селиверстовтың басшылығымен екі ел арасындағы парламенттік достық топтары жұмысының белсенділігі мен тиімділігі аталып өтті. Мәжіліс спикері олардың үйлесімді жұмысының нәтижесі ретінде Ресей мен Қазақстан шекарасындағы қазақстандық жүк тасымалдаушылардың мәселесі шешілгенін айтты. Екіжақты ықпалдастықтың барлық өзекті мәселесі Палатааралық парламенттік комиссиясы отырысының күн тәртібіне енді.

«Бүгінгі комиссия отырысының мақсаты – парламентаралық байланысты арттыру мен нығайту. Қазақстанның депутаттық корпусымен жақсы таныспыз, үнемі кездесіп, барлық мәселе бойынша бейнеконференциялар өткізіп отырамыз. Бүгінгі күн тәртібі де өте маңызды. Осы жиында айтылғандардың бәрі жақын арада нақты жүзеге асатынына сенімдімін», – деді Мемлекеттік Думаның Бюджет және салық комитетінің мүшесі Виктор Селиверстов.

Отырыс барысында депутаттар цифрлық құқық және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, климаттық заңнама, волонтерлік қызметті реттеу салаларындағы заң шығару ісі бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ энергетика, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде Қазақстан тасымалдаушыларының Ресей-Беларусь шекарасындағы өткелдерден өтуіндегі кедергілерді алып тастау, Қазақстан мен Ресей қалалары арасындағы өңіраралық қатынастарды дамыту жайы да көтерілді.

Сондай-ақ күн тәртібіне қоршаған ортаны, трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану саласындағы ынтымақтастық, екіжақты тауар айналымы көлемін ұлғайту мен өзара саудадағы кедергілерді жою және басқа да мәселелер кірді.

Отырыс Мәжілістің вице-спикері Альберт Рау мен Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары Александр Жуковтың төрағалығымен өтті. Комиссия жұмысына Қазақстан тарапынан вице-министрлер мен жауапты мемлекеттік құрылымдар басшылары қатысты. Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар күн тәртібіндегі әр тармақ бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлеп, шешімдер шығарды.

 


Пікірлер