Украина президенті Владимир Зеленский Украина қарулы күштерінің алғаш рет екі Солтүстік Корея әскери қызметкерін тұтқындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Тұтқындар Курск облысында ұсталған. Зеленскийдің айтуынша, жарақат алған солтүстіккореялық сарбаздарға көмек көрсетіліп, олар Киевке жеткізілген. Олар орыс немесе ағылшын тілінде сөйлемегендіктен, олармен сөйлесуге аудармашылардың көмегі қажет болған.
Бір сарбазды арнайы операция күштерінің № 84 тобының жасағы тұтқындаған, ал екіншісін украиналық десантшылар ұстаған.
«Бұл міндет оңай болған жоқ. Себебі әдетте Ресей мен Солтүстік Кореяның басқа әскерилері КХДР-дің Украинаға қарсы соғысқа қатысқаны туралы дәлелдер сақталмауы үшін жараланғандарын өлтіретін», - деп мәлімдеді Зеленский.
Ақпараттарға сүйенсек, тұтқындардың бірінде ресейлік үлгідегі әскери билет болған. Онда Тува республикасында тіркелген басқа бір адамның аты-жөні жазылған. Тексеру барысында ол 2005 жылы туғанын, 2021 жылдан бастап Солтүстік Кореяда қызмет еткенін және оқу үшін емес, Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін барғанын айтқан.
Екінші тұтқында құжат болмаған. Ол 1999 жылы туған, 2016 жылдан бері Солтүстік Кореяның армиясында снайпер-барлаушы ретінде қызмет ететінін айтқан.