Алматылық фотограф суреттерін заңсыз пайдаланған БАҚ-тан қомақты ақша өндіріп алды

1088
Adyrna.kz Telegram
Сурет: proforientir42.ru
Сурет: proforientir42.ru

Алматылық фотограф Atpress.kz ақпараттық порталын сотқа беріп, 3 миллион теңгеден астам соманы өндіріп алды. Бұл туралы бүгін, 13 маусымда Жоғарғы соттың баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Атыраулық БАҚ өзінің интернет-ресурсында фотографтың туындыларын  бірнеше рет пайдаланып, олардың авторын көрсетпеген.

Жауапкер бұл фотосуреттер маңызды хроникаларды қамту үшін пайдаланылғанын айтып, бұрын жарияланған суреттердің жойылғанын мәлімдеді. Atpress.kz ақпараттық порталы авторлық құқықты бұзғаны үшін жазбаша кешірім сұрап, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Сот суреттер маңызды жаңалықтарды жариялау үшін әдейі пайдаланылғанын ескеріп, парасаттылық пен әділдік өлшемшарттарына сүйене отырып, жарияланған әрбір сурет үшін 100 АЕК көлемінде өтемақы мөлшерін белгіледі.

«Сот талап қоюды ішінара қанағаттандырды: Атырау-Ақпарат» ЖШС-ден Қазақстандық авторлық құқық» РҚҰ пайдасына 3 млн теңгеден астам (900 АЕК) өтемақы өндірілді. Шешім заңды күшіне енді»,—деді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Пікірлер