АҚШ бастамасынан кейін. Түркия Қытайдан келетін көліктерге қосымша салық салады

731
Adyrna.kz Telegram
Сурет: zagranportal.ru
Сурет: zagranportal.ru

Түркия билігі Қытайдан кіретін автомобильге кеден салығын көбейту туралы шешім қабылдады. Сауда министрлігінің шешімімен 7 шілдеден бастап салық мөлшері 40 % болады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Осылайша Түркия жақында қосымша тариф енгізген АҚШ бастамасына қосылды. Түркия барлық Қытай көлігіне салықты көбейтті. Жаңа тариф шарты бойынша салық сомасы 7 мың доллардан кем болмауы керек.

Билік бұл шешімді жергілікті автонарық пен автоөнеркәсіпті — Tofaş зауыты мен Togg электромобиль өндірушісін қорғау, сондай-ақ сыртқы сауда балансын сақтау мақсатында енгізгенін айтты. Былтыр дефицит 45.2 млрд доллар болды. Билік жаңа тариф инфляцияны тежейді деп отыр, мамырда инфляция деңгейі 75 %-ға жетті.

2024 жылдың қаңтар-сәуірінде Түркияда Қытайдан келген 30 мың автомобиль (көбі Chery) өткен, бұл нарықтың 10 %-ын құрады.

Еуропа елдері де жергілікті өндірушілерді қорғау үшін Қытай көліктеріне көптеп салық салуға дайындалып жатыр. АҚШ-та мұндай тариф күшіне енген, бірақ барлық автомобильге емес, мысалы, электромобильге салық мөлшері 102.5 %-ға жетті.

Қазіргі таңда Қытай компаниялары бұған қарсы шаралар қабылдап жатыр. Олар Еуроодақ аумағында зауыт салуға ниетті. BYD, Chery және Great Wall осындай жоспары бар екенін жариялады. Сондай-ақ Мексикада көлік шығарып, Солтүстік Америкаға сатпақ.

Ал Орта Азия нарығын Қазақстан мен Өзбекстан арқылы дамытады. Мұнда да жоғарыда аталған брендтер зауыт салып жатыр. Алматыда Chery, Changan және GWM өнімін құрастыратын AMMKZ зауыты бой көтереді, ал Өзбекстанның Жизақ қаласында BYD гибридтері шығып жатыр. Қырғызстанда да марканың жеке өндіріс орны ашылуы мүмкін.

Ресей билігі утиль алымын көбейту арқылы Қытай кәсіпорындарын тежеуді жоспарлап отыр, бірақ бұл мәселе бойынша әлі түпкілікті шешім шыққан жоқ.

Пікірлер