8 мамыр күні Алматыда Beu Fest фестивалі үшінші мәрте өткізілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Beu Fest әрдайым жас таланттарды қолдайды. Бұл жолы да сахнада өнер жолын енді бастаған жастар бой көрсетті. Феcтиваль ел мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда.
Биылғы фестиваль Q-pop пен индиден хип-хопқа дейінгі жанрлардың кең ауқымын ұсынды. Сол себепті Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Дос-Мұқасан, URKER және Ghetto Dogs сияқты аты аңызға айналған топтар қонақ болды.
Алғашында жас таланттар өнер көрсеткен алаңда Дос-Мұқасан тобы шыққан кезде барша тыңдарман өте ерекше күй кешті. Олардың әндері кімнің болсын да жадында. Сол себепті жиылғандардың бәрі қосыла шырақ, билеп көңіл көтерді.
Көрермендерді таңғалдырған тағы бір жайт Дос-Мұқасан тобының жас буын Alpha тобымен жасаған коллабарациясы болды.
Кеште Dequine, Shiza, Amre, Qanay, Kazybek Kuraiysh, ARShAT, Tynda Music, il 'han Ihsan, kilemger, ALPHA, Мирас Жүгінісов, Dosekesh, Ұланғасыр Қами, T' OI, niyazkul және Айбек Серікханов сияқты орындаушылар тыңдармандарын әуезді әндерімен сүйсінтті.
Сонымен қатар, Beu Fest 2024 Duisenbi, Ellaya, JANEL және Aka1dar секілді қазақ эстарадасының жаңа жұлдыздарына тың платформа ұсынды.
Бұл фестиваль осымен үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Биыл ұйымдастырушылар билеттерді сатудан түскен қаржының бір бөлігін су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жұмсалатынын айтты.
Фестивальге Еуразиялық банк, Алматы қаласының әкімдігі сияқты бірнеше демеушілер қолдау көрсетті.
Фестиваль соңында Мирас Жүгінісов әуезді әндерін көпшілікпен бірге шырқады. Фестивальды елімізге танымал жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек тізгіндеді.
Өнер жұлдыздары мен кешке келген қонақтар елге амандық пен бірлікті тілеп қазақ өнерінің болашағына үлкен сенім білдірді.
Бастысы тыңдармандар кештен үлкен шабыт пен керемет әсер алып қайтты.