Мемлекет басшысы Тоқаев Оңтүстік Корея президентін қабылдады

1378
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёлды қабылдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп.

«Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёлды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті», - делінген сәрсенбі күні таратқан хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёл ресми делегация мүшелерін бір-бірімен таныстырды. Құрмет қарауыл ротасының басшысы президенттерге құттықтау баяндамасын беріп, екі елдің әнұраны шырқалды.

Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін мемлекет басшылары келіссөздер залына кірді.

Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты.

Қазақстан Президентінің пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің «негізгі жаһандық мемлекет» ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.

Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне назар аударды.

“Қазақстанда тұратын 120 мың этникалық корей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және оған өлшеусіз үлес қосады. Өз кезегінде Кореяда білім алып жатқан мыңнан астам қазақстандық жастар мемлекеттер арасындағы «достықтың алтын көпірі» саналады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер