Әлия Назарбаева қазақстандық кәсіпкерлерге қарсы сотта жеңіліп қалды

680
Adyrna.kz Telegram

Қазақстаннның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева қазақстандық кәсіпкерлер Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиевке қарсы сотта жеңіліп қалды. Бұл туралы ҚазТАГ жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Нұрлан Бимурзинның айтуынша, Назарбаева адвокаттары арқылы Бимурзин мен Қалиевтің үстінен жала жабу туралы шағым түсіріп, олардың жауапқа тартылуын талап етті. Алайда өткен аптада сот құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты істі тоқтатқан.

Ақпан айында Медғат Қалиев пен Нұрлан Бимурзин Бас прокуратураға Әлия Назарбаеваны рейдерлік шабуыл жасады деп айыптап арыз жазған.

«Бізді қолдаған барлық жанашыр азаматтарға алғысымды білдіргім келеді. Аты үлкен болса да, заңды да әділ шешім шығарған сот жүйесіне ерекше алғысымды білдіремін. Төрт ай бойы бір құзырлы органнан екінші органға жолданған арызымыз әділ нәтижеге әкелмейді деп ойладық. Алайда, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты өткеннің жәдігерлерін емес, заңды басшылыққа алатынын дәлелдеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі оларға процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған өтінішімізді қарайды деп үміттенеміз», – деді Бимурзин.

Еске сала кетейік, 2024 жылы 28 ақпанда Бимурзин өзінің серіктесі Қалиевпен бірге Назарбаева мен Рогованың рейдерлік шабуылының құрбаны болғанын айтқан болатын. Кейін мамыр айындаолар халықаралық органдарға шағымданатынын айтты.

Пікірлер