Астанада «Атамекен Қазақстан Картасы» этно-мемориалды кешенінің ашылуына және Балаларды қорғау күніне орай ашық есік күні өтті

770
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Астанада «Атамекен Қазақстан Картасы» этно-мемориалды кешенінің ашылуына және Балаларды қорғау күніне орай ашық есік күні өтті деп хабарлайды Adyrna.kz тілшісі.

Балаларды қорғау күніне орай жергілікті өнерпаздардың қатысуымен «Балалардан балаларға» концерттік бағдарламасы өтті.

Сондай-ақ, келуші қонақтар және балалар кешенге тегін кіргізілді. 500-ден аса бала мен ата-аналар кештің құрметті қонағы болды.

Естеріңізге салайық, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені 1,7 гектар жер аумағына кең байтақ еліміз қалаларының сәулеттік және табиғи көрікті өлкелерінің шағын ғана көшірмелерін макет түрінде орналастырған Астанадағы ерекше кешен.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені 2001 жылы 8 қыркүйекте ашылған.

«Атамекен» кешені қазіргі таңда келушілерге таңдай қақтырарлық жәдігерлер ұсынатын таным мен тағылымның айтулы ордасына айналды.

Шағын аумаққа жасалған үлкен картада қызылқұмның күрішті, мақталы алқаптары мен Қарағандының көмірі, Маңғыстаудың мұнайы, қарт Бурабай, Қорғалжынның ерке құстары мен Каспийдің ару аққулары, Алатаудың ақ бас шыңдары, тағы да басқа айтып тауыса алмайтын қазыналы Қазақ даласы әсем бейнеленген. Бұл картада еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалалары көрсетілген. Табиғи-климаттық аумақтардың сан түрлілігі мен ландшафтары, сәулеті мен құрылыс салаларын да қамтыған экспонаттар арасында тарихи және мәдени ескерткіштерге ерекше орын берілген.

Этно-мемориалдық кешен халыққа мәдени құндылықтарымызды насихаттай отырып, жастардың отаншылдық сезімдерін ояту, еліне, жеріне деген ыстық ықыластарын арттыру, сол арқылы тәуелсіздікті баянды етуге баулуды көздейді.

Пікірлер