Премьер судан зардап шеккен халықтың мүлкін бағалауды апта соңына дейін аяқтауды тапсырды

563
Adyrna.kz Telegram
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында елдегі су тасқынының салдарын жою мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте вице-премьер Қанат Бозымбаев залалды өтеу алгоритміне сәйкес өңірлерде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Отырыстағы мәліметке сүйенсек, 28 мамырға дейін республика бойынша 30 мыңнан астам отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алған. Су тасыған аймақтарда 15 мыңнан астам үй мен саяжай құрылыстары тексеріліп, 11 134-і бойынша бағалау жүргізілді.

Вице-премьер Батыс Қазақстан облысында су басқан 4 мың үйдің 2 176-і (54%) тексеріліп, 770 үйге бағалау жүргізілгенін, Ақтөбе облысында 3 679 үй тексеріліп (73%), 1673 үй бағаланғанын мәлімдеді. Ал Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері тасқыннан зақымданған үйлерді тексеру және бағалау жұмыстарын аяқтаған. Жалпы еліміз бойынша 9 мыңнан астам үй қалпына келтірілуге болатын құрылыс қатарына жатады. 4 315-і апатты жағдайда деп танылыпты.

Биыл өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталса, қайталама нарықтан 3 417 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр.

«Әкімдіктерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Азаматтарымыздың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмыстарды кешіктірмей, барынша тездету керек. Қанат Алдабергенұлы, қатаң бақылауда ұстаңыз», — деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Пікірлер