6 жасар бала мектепке бармаса, айыппұл салына ма?

2257
Adyrna.kz Telegram

Баланы бірінші сыныпқа қанша жасында беру мәселесі көптен бері қоғамның талқысына түсуде. Мектеп табалдырығын бала алты жасында аттағаны дұрыс деушілер мен бұл пікірмен келіспейтіндер бүгінге дейін ортақ мәмілеге келген жоқ. Осы мәселе туралы Нұр Сұлтанның Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түсінік берді деп хабарлайды Sputnik. Қазақстан.

«2014 жылы република бойынша бірінші сыныпқа қабылданған 320 мың баланың 60 пайызы алты жастағылар болған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 80 пайызды құраған. ЮНЕСКО-ның мәліметінше, әлемнің 134 елінде бала алты жасынан мектепке барады. Сондықтан мұнда тұрған ештеңе жоқ. Әрине, кейбір баланың жекелеген ерекшелігіне қарай, алты жаста бірінші сыныпқа бара алмауы мүмкін. Біз бұл жағын да екеруіміз қажет. Десек те, заңға енгізілген өзгеріс өз күшіне енді, сондықтан заң бойынша жұмыс істеуіміз керек», - деді министр. Сонымен қатар, Аймағамбетов заң талабына қатысты: «Осыған дейінгі заңда баланың алты жастан бірінші сыныпқа қабылдануы туралы талап болды. Осы талапта «алты» сөзінің қасында жақшаның ішінде «жеті» саны қатар көрсетілген», -деп түсіндірді.
Егер балаңыз физиологиялық, психологиялық тұрғыдан мектепке баруға дайын болса, алты жасынан бірінші сыныпқа қабылданады. Баланың қарым -қабілеті туралы әрине, арнайы мамандар қорытынды жасайды. Ал егер нақты бір себептермен немесе денсаулығына байланысты алты жасар балаңыз бірінші сыныпқа бармаса, министрлік немесе басқа да орган тарапы ата- анаға айыппұл салмайды. «Баланы алты жасында бірінші сыныпқа бермеген ата-анаға айыппұл салады деген сөз - өтірік. Бұл үшін әлдебір орган айыппұл салады деу де шындыққа жанаспайды», -деген министр Аймағамбетов алты жастан бірінші сыныпқа қабылдау туралы заң талабы үш жыл бұрын бекітілгенін қайталап айтты.
Ал баланы алты жастан мектепке беру туралы өзінің жеке көзқарасын министр: «Менен де осы мәселеге қатысты үнемі сұрайды. Өзімнің балам да бірінші сыныпқа алты жасынан барды. Бала бес-алты жасында өте белсенді дамиды. Баламды бірінші сыныпқа бермес бұрын, мен де көп ойландым. Ойлана келе, баламды алты жасында бірінші сыныпқа бердім. Ол үшін еш өкінбеймін», -деді.

 

Меруерт ТҰРЛЫБЕК

Пікірлер