Алматыда Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

854
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 26 мамыр күні Алматыда Қазақ тағамтану академиясының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері, академик Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kz kazinform.kz сайтына сілтеп.

Төрегелді Шармановпен қоштасу рәсімі Алматы қаласында С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Concordia» театрында өтті.

Белгілі отандасымен қоштасуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, үкімет мүшелері, облыс әкімдері, парламент депутаттары, медицина және басқа да салалардың өкілдері келді.

Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды.

«Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төрегелді Шармановтың отбасы мен туыстарына. Аса көрнекті ғалым, Тағам тану академиясының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың өмірден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.Төрегелді Шарманұлы саналы ғұмырын ұлт денсаулығына арнаған бірегей тұлға, биік парасат иесі еді. Отандық медицинаның алға басуына, бар қажыр-қайратын жұмсап, көптеген игі іске бастамашы болды. Қазақ тағамтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, дүниежүзі ұйымы ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орната білді. Өзінің жаңаша мектебін қалыптастырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі.Айналасына сыйлы, ғибратты ғұмыр кешкен Төрегелді Шарманұлының жарқын бейнесі халықымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жанатта болсын», — делінген мемлекет басшысының көңіл айту хатында.

Т. Шарманов Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Төрегелді Шарманов 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.

Төрегелді Шарманұлы Республиканың Денсаулық сақтау министрлігін 12 жыл басқарып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің теңдесі жоқ жүйесін құрды. 1974 жылдан бастап республикадағы жетекші ғылыми ұйымдардың бірі – Қазақ тағамтану академиясының тұрақты меңгерушісі.

2005 жылы академик Шармановқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоғары ерекшелік дәрежесі – Леон Бернард сыйлығы берілді, оның иегері бүкіл әлем тарихында небәрі 29 адам болған. Бұл денсаулық сақтау саласындағы Нобель сыйлығының бір түрі саналады.

Еске салайық, 25 мамырда медицина ғылымдарының докторы, профессор, гигиенист-нутрициолог ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Төрегелді Шарманов 94 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

 

Пікірлер