«Бизнесім суға кетті». Кәсіпкерлерге залалды өтеу бойынша төлемдер аударыла бастады

4405
Adyrna.kz Telegram

Отандық бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша алғашқы төлемдер Қостанай облысынан басталды.

Су басқан өңірлерде жағдай тұрақтанып келеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, бизнеске келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 27,1 млрд теңгені құрайды.

Қостанай облысының өзінде мүліктік шығынды өтеу үшін шамамен 50 бизнес субъекті өтінім қалдырған. Соның ішінде екі өтінім шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындардың өтемақысын айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында мақұлданды. Бұл комиссия «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған.

Комиссия өкілдері «Сырлыбаева Ж.С.» жеке кәсіпкерлігі және «Дорофеева Ж.С.» жеке кәсіпкерлігіне қатысты мүліктік шығындарды толық көлемде өтеу туралы бір ауыздан оң шешім қабылдады.

«Су тасқыны менің бизнесіме залал келтірді. Біз макулатураны престеумен айналысамыз. Мен «Атамекен» палатасына жүгініп, көмекке қол жеткіздім. Өтемақыға өтініш бердік, артық сұрақтарсыз толық көлемде мақұлданды. Енді кәсібімізді жалғастыра аламыз», - дейді өтінім беруші.

 Айта кету керек, жағдайды жан-жақты қарау, сондай-ақ ықтимал даулы оқиғаларды болдырмау үшін (шешім немесе сомамен келіспеу) зардап шеккен өтініш берушілер өңірлік комиссияның әр отырысына шақырылады.

Қалған бизнес субъектілері Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік комиссиясына өтініш беру үшін растау құжаттамасын дайындап жатыр. Комиссия отырыстары өтініштердің келіп түсуіне қарай өтетін болады. Қағидаларға сәйкес, ақшалай қаражат егер жеткілікті қаржыландыру болса тиісті шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде аударылады. Қаражат мүлік иесінің өтемақы туралы өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына аударылады.

Сонымен қатар, Қостанай облысы су тасқынынан зардап шеккен оңтүстік өңірлердің тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетуге белсенді атсалысып жатыр.

Пікірлер