"Айканың тізімі". Алматыда атышулы блогер сотталды

1026
Adyrna.kz Telegram
Фото: коллаж Ulysmedia
Фото: коллаж Ulysmedia

Алматыда атышулы блогер, "элиталық эскорттар" желісін құрушы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Әуезов аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Желіде бірнеше ай бұрын "Айканың тізімі" атты ақпарат жарияланған болатын. Онда түрлі өнер жұлдыздары мен белді адамдардың да есімі бар.

Ол ақшаға сексуалдық қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан. Атышулы тізімі қоғамда біраз шу тудырған сотталушы мефедронды заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдаған, сондай-ақ жеңгетайлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Блогердің үстінен екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.

309-бабы “Жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық” және 297-бабы “Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау”  бойынша сотқа дейінгі іс қозғалған.

Іс материалдарына сәйкес, қыз 2023 жылдың мамыр айында сату мақсатынсыз аса ірі мөлшерде мефедронды (психотроптық затты) заңсыз сатып алып, өзімен бірге заңсыз тасымалдаған. Ұстау кезінде полиция қызметкерлері сотталушының сөмкесінен психотроптық зат тәркіледі.

«Сонымен қатар, 2020-2023 жылдары М., материалдық пайда алу мақсатында, бір топ адам Т.-мен бірлесіп, қыздарды ақша үшін интимдік қызметке салған. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденген», - деп атап өтті сот.

Сот барысында бойжеткен өз кінәсін мойындағанымен, оның сыбайласы бәрін жоққа шығарды. Прокурор Айканы 4 жылға бас бостандығынан, ал сыбайласын 3,5 жылға соттауды сұрады.

Сот блогерді 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сыбайласы 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстандықтар Instagram желісінде «элиталық эскорт қыздар» желісінің ұйымдастырушысын тапты

"Айка" атымен танымал блогердің Instagram әлеуметтік желісінде 100 мыңнан астам жазылушысы бар. Ол оқырмандарына өзін модель, блогер ретінде таныстырған.

Пікірлер