Нұрлан Ноғаев Маңғыстау тұрғындарына үндеу жасады

1500
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Маңғыстау облысының экс-әкімі Нұрлан Ноғаев Telegram желісі арқылы маңғыстаулықтармен қоштасты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Құрметті маңғыстаулықтар, қадірлі жерлестер! Өздеріңізбен бірге өңіріміздің дамуы мен игілігі үшін жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды.

Үш жылға жуық уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маған Маңғыстау облысын басқаруды тапсырды,  осы үлкен сенімі үшін Президентімізге рахмет айтамын. Маңғыстаудағы қызметім барысында әрдайым Президентіміздің қолдауына ие болып, білімімді, кәсіби, өмірлік тәжірибелерімді, біліктілігімді өңірдің дамуына жұмсадым.

Менің барлық жұмысым сіздердің көз алдарыңызда болды, өздеріңізбен түрлі мәселемен жиі жүздестік, келісіп отырып қажет шешімдерді қабылдадық. Атап айтқанда, өндіріс орындарын, шаруашылықтарды, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету, МАЭК-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, негізсіз бөлінген жер телімдерін қайтару және заңсыз құрылыстармен күресу бағытында, тағы басқа ауқымды жұмыстар атқарылды.

Осы үш жыл ішіндегі облыс игілігі үшін бірлескен нәтижелі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын»,—деді ол.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстаудың даму әлеуеті зор өңір екенін атап өтті.

«Ашық аспан астындағы мұражай атанған осынау киелі өлкеде өткен кезең менің  жүрегімде жылы естелік болып мәңгі сақталады.  Маңғыстау - экономикасы нық, даму әлеуеті зор өңір. Ең бастысы өз елін сүйетін, оның гүлденуі үшін барын салатын рухы биік халқы бар.

Сіздерге барлық жақсылықты тілей отырып, табыс пен жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін!»—деп түйіндеді экс-әкім.

Еске салайық, 16 мамыр күні Нұрлан Асқарұлы қызметінен босатылған еді. Ол әкім болған 2 жыл 8 айда Қаңтар оқиғасы, еңбек жанжалдары мен МӨЭК-тегі жазатайым оқиғалар болды.

Пікірлер