Жер-су мәселесі бо­йынша қазақ халқының мүддесін қор­ғап, сөз сөй­леген алғашқы заңгер

2085
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 117 жыл бұрын, яғни 1907 жылы 16 мамыр күні ІІ Мемлекеттік думаның Орал облысынан сайланған депутаты Бақытжан Қаратаев Мемлекеттік думада 39-пленарлық мәжілісінде аграрлық мәселені талқылауға қатысады. Өткір сөзімен ол аграрлық және ұлттық мәселелерді қозғап, Қазақстан жеріне орыс және украин крестьяндарын көшіру жөніндегі Столыпин жоспарларының халыққа қарсы екенін ашық айтып, әшкереледі.

ХІХ ғасырдың 80-жылдарының соңында қазақ даласында қоныс аударушыларға жер бөлу саясатының салдарынан қазақтар адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешірді. Міне, осындай шиеленісулер отаршылыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың туындауына әкеп соқтырды. Бұл қоғамдық қозғалыстардың басында сол замандағы көзі ашық, көкірегі ояу Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералин, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Ғұмар Қарашев сынды көптеген зиялының қатарында Бақытжан Қаратаев та бар еді.

Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы 1860 жылы Жайық өңірінің Қаратөбе ауданын­дағы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Ол Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1890 жылы оны ІІ дәрежелі алтын медальмен үздік бітіреді. Алған ма­мандығы бойынша Петербургте, Кутаисиде және Орынборда бірнеше жыл тергеуші болып істейді. 1897 жылы туған жеріне қайта оралып, Оралда, Қаратөбеде, Жым­питыда адвокат болды.  1907 жылы ІІ Мем­лекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бо­йынша қазақ халқының мүддесін қор­ғап сөз сөй­леді.

Сол кезде Бақытжан Қаратаевтың сөйлеген сөзі:

Депутат мырзалар!

Қырғыз-қайсақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ: соған қа­рамастан, мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені шаруаларды Далалық облыстар территориясына, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Әсіресе оң жақ қатарда отырған ағайындарымыз аграрлық дағдарысты шаруаларды Орта Азияға көшірту жолымен жоюға құштар. Олардың көзқарастарын Пар­ламентке егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиков, сондай-ақ Министрлер Кеңесінің төрағасы Столыпин таратып отыр. Алайда осы уақытқа дейін Мемлекеттік Дума деле­гаттарының бірде-бірі дәл қазір азиялық облыстар ішінде шаруаларды қоныстан­дыратын басы артық жер бар ма, басымызды қатыра-қатыра шаруаларды қоныс аударуға тәуекел ете алатындай Далалық облыстардың барлық бөліктері жараты­лыстық-тарихи, шаруашылық-статистика, топырағы мен ауа райы жағдайлары тұрғы­сынан зерттеліп болды ма деп сұраған жоқ, ол туралы біле де қоймас. Жергілікті халық­тың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділет­сіздік болып табылуға тиіс. Ол қашанда күш­тінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз-қайсақ деп аталатындар - әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық, сол себепті де олармен ортақ тіл табысуға болады және оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ. Біз, қырғыз-қайсақтар, Россияда қатты ушығып отырған аграрлық мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етенінін терең түсінеміз. Біздің шаруа бауырлары­мыздың жерге мұқтаждығын жақсы сеземіз, егер басы артық жеріміз болса, оларға біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз. Ал мәселенің түйіні Далалық облыстар территориясының әлі күнге дейін жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-ста­тистикалық тұрғыда жете зерттелмегендігінде. Бүгін біздің жолдасымызға депутат Темеренков Азияда ұшы-қиырсыз жер бар, шаруаларды сонда қоныс аудартып, осылайша жер жетімсіздігін жоюға болады дегенді айтты. Шын мәнінде, белгілі ғалым Щербина Далалық облыстардың солтүстік уездерін, атап айтқанда, Тоғай, Ақмола және Семей облыстарының жері құнарлы уездерін ғана зерттеген, бірақ Щербина олардың оңтүстігіндегі уездерін барлай алмады. Егер ауа райы мен топырақ жағдай­ларының барлығы тұтастай зерттелген болса, онда Далалық облыстардың оңтүстік уездерінде топырақ сорлы, құмды, кеуіп қалған сор дала болғандықтан, басы артық жердің өте аз екені жайында ешқандай күмәнсіз қорытынды жасаған болар едік. Осы кезге дейін бәрі қырғыздар көшіп-қонып жүрді-міс деген түсінікпен келеді. Жоқ, мырзалар, қырғыздардың көшпелілері де, отырықшылары да бар. Далалық облыс­тардың солтүстіктегі құнарлы уездерін, міне, ондаған жылдардан бері отырықшы қыр­ғыздар жайлап, егін егіп келеді. Олардың кей­біреулері шымнан, енді біреулері кірпіш­тен, үшіншілері қызыл кірпіштен үй салып алған, бір сөзбен айтқанда, олардың өз тұр­мыстарына сай тұрғын үй мен қора-қопсылары бар. Осынау отырықшы қыр­ғыздар үшін егін егу - тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қыр­ғыз­дарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығумен айналысуда.

Думаның төрағасы:

- Шешен мырза, он минут уақытыңыз бітті.

Қаратаев:

- Мырзалар, осыған дейін сіздердің ешқайсыларыңыз Далалық облыстарға қо­ныс аудару жайы туралы ауыз ашқан жоқ­сыздар. Бәлкім, Мемлекеттік Дума дар­хандық танытып, менің сөзімді ақырына дейін тыңдар. Мырзалар, менің шаруаларды Дала­лық облыстарға қоныс аудартудың жай-күйі жайындағы баяндамамды аяқ­тауы­ма мүмкіндігім қалмады, дегенмен менің айтарым - Мемлекеттік Дума өздері Ішкі Рос­сиядағы помещиктер мүдделерін, осынау 130 мың помещиктің мүддесін қор­ғау үшін шаруаларды қоныстандыру арқылы қорлап отырған қырғыз-қайсақтардың әрдайым шаруалардың жерге деген мұқ­тажын қана­ғаттандыру мақсатымен жеке иеліктегі жерлерді күштеп тартып алу ниетіндегі барлық оппозициялық фракция­ларға аянышпен қарайтынын есте ұстайтын болсын. Дегенмен бүгінгі таңда шаруаларға орын босату үшін қырғыздарды жерлерінен ғана емес, олардың тұрғын үйлерінен көші­ріп, қуып шығып жатқанын түсініңіздер. Орыстың қарапайым еңбекшілері мен зиялылар қауымы жерімен қоса, үйінен, қора-қоп­сысынан қуылып жатқан сорлы қырғыз-қайсақтарды жәбірлеп жатқандарға қарсы шығып, қамқор қол ұштарын береді деп сенемін. Менің қолымда мұны дәлелдейтін қыруар деректер тұр, бірақ, өкінішке қарай, сөзімді аяқтай алмадым («Орал өңірі», 1990, 8 желтоқсан).

Пікірлер