Музей түні «Ойыншықтар әлемі» көрмесі өтті

866
Adyrna.kz Telegram

Халықаралық музейлер күні қарсаңында 15 мамыр күні Мәлік Ғабдуллин мұражайында «Музейдегі түн» акциясы өтті. Жылдағы дәстүр бойынша, музей бұл күні таңғы сағат 10-нан түн ортасына дейін келушілерге есігін айқара ашты.

Келушілер үшін музей экспозициялары, сондай-ақ Түркістан облысының «Ұлы Дала Елі» орталығының қорынан «Ұлы дала мұрасы» тарихи-танымдық көрмесі ашылды.

Көрермендердің назарына Қазақ хандығы дәуірін сипаттайтын тарихи маңызы бар 30-ға жуық экспонат ұсынылды. Көрмедегі құнды жәдігерлерінің бір бөлігі тасқа қашалған, кірпішке күйдірілген, ағашқа ойылып, сақ, руна, араб, латын қаріптерімен жазылған хаттар.

Сондай-ақ, осы күні Мәлік Ғабдуллин музейінде «Ойыншықтар әлемі» көрмесі ашылды. Экспозицияда ХІХ – ХХ ғасырдың басында жасалған ойыншықтар, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы мен  жиені Ләззат Әмірғожинаның музей  қорында сақталған ойыншықтары,  балалар кітаптары мен алфавиттері, сондай - ақ заманауи  қолданбалы қолөнер шебері, суретші Байковская Альбина Кирилловнаның авторлық қуыршақтары қойылған.

Іс-шара аясында Балуан Шолақ атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (жетекшісі Мұратбек Алмасбек) және «Әулет» орталығының тәрбиеленушілері көрмені тамашалауға келген жас балаларға «асық ату», «тоғызқұмалақ» интерактивті және ұлттық ойындарын көрсеті, ойнатты.

Біржан сал атындағы музыка колледжі студенттері мен Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицей оқушыларының орындауындағы мерекелік концерт іс-шараның көркін келтірді.

Пікірлер