Дипломатиялық миссия басшылары Ақмола облысына келді

726
Adyrna.kz Telegram
Фото. Ақмола облысы әкімдігінен.
Фото. Ақмола облысы әкімдігінен.

Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауданының Қорғалжын ауылына Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Құрметті қонақтар аймақтың инвестициялық әлеуетімен танысып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен делегация басшылары «Дударай» стелласына 40-тан астам көшет отырғызды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау аясында 15-ке жуық елдің дипломатиялық миссия басшылары экологиямызға үлес қосып отыр. Акцияға облыс тұрғындары да белсенді қатысуда. Бүгін «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында су айдындары мен өзендердің жағалаулары тазартылды. Аймақтарды тазарту жұмыстары жүргізілуде, ондаған мың ағаш отырғызылды», – деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан әрі делегация өкілдеріне Ақмола облысының инвестициялық тартымдылығы, атап айтсақ, ыңғайлы инвестициялық экожүйесі, көлік инфрақұрылымының әлеуеті, өңірдің аграрлық-индустриялық, өнеркәсіптік  және туристік әлеуеті таныстырылды.

Облысты мультипликативті дамыту, жоғары тиімді және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, басқарудың заманауи әдістерін енгізу, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында өткен жылдың желтоқсанында Аршалы ауданында республикалық маңызы бар «AQMOLA» индустриялық аймағы құрылған болатын.

Сондай-ақ, жобаларды жылдам өңдеу, оларға «бір терезе» қағидаты арқылы қызмет көрсету, сүйемелдеу, жер учаскесін іріктеу, инвестициялық жобалар үшін техникалық шарттарды қорытындылауға көмек көрсету мақсатында Ақмола облысының аумағында «Aqmola Invest» инвестициялар тарту орталығы» құрылды.

«Қазіргі уақытта Орталық техникалық режимде жұмыс істеп жатыр, инвесторларға қызмет көрсету және өңірге инвестициялық жобаларды тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, біздің облыс халықаралық нарық бойынша және Астана нарығына жақын өз жобаларын іске асыруға мүдделі халықаралық делегациялардың Қазақстанға сапарларына шолу жасайды», – деді Марат Ахметжанов.

Сапар аясында шетелдік қонақтар Қорғалжын қорығындағы Қызыл кітапқа енген қоқиқаздардың мекендейтін жерлерімен танысты.

Қоқиқаздың әлемдегі солтүстіктегі ұя салатын орны Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағындағы ащы сулы  Теңіз көлінде орналасқан.

Пікірлер