Президенттің туған күнінде. Бензин мен дизель отынына шектеу енгізіледі

1112
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Елімізде 17 мамырдан бастап бензин мен дизель шекті мөлшерде сатылады. Бұл күн президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

АИ-92 маркалы бензин мен дизель былтыр көктемде Үкімет белгілеген бағаға сатыла береді. Алайда қазақстандықтар жеңіл көлікке тәулігіне — 100 литр, автобус пен жүк көлігіне 300 литр ғана жанармай құя алады.

Ал шетелдік жүргізушілер үшін бензин қымбаттап,  дизель, керісінше, 450 теңгеден 315 теңгеге арзандайды.

«Бағаны мемлекеттік реттеу белгіленген жанармай құю бекеттерінде мұнай өнімдерін бөлшек сатудың шекті бағасын белгілеу туралы» бұйрыққа өзгеріс енгізу құжатына ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қол қойды. Құжат 2024 жылы 6 мамырда жарияланды, он күннен кейін күшіне енеді.

17 мамырдан бастап елдегі барлық жанармай құю бекетінде отын құны мынадай болады:
АИ-80 бензині — литрі 89 теңге.
АИ-92 және АИ-93 — литрі 245 теңге.

Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі болса, тәулігіне 100 литрге дейін — литрі 205 теңге. 
Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу куәлігі болса, мотоцикл, жеңіл автомобиль, жүк көлігі, арнайы автомобиль және автобусқа тәулігіне 300 литрге дейін — литрі 205 теңге.

Дизель (жазғы, маусымаралық) — литрі 315 теңге. 
Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі болса, тәулігіне 100 литрге дейін — литріне 295 теңге.
Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу куәлігі болса, жүк көлігі, арнайы автомобиль және автобусқа тәулігіне 300 литрге дейін — литрі 295 теңге.

Қазақстан билігі лимит белгілеу арқылы отынның Ресейге жанармай багы арқылы ағылуын тежеуге тырысып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан үкіметі қажет болған жағдайда Ресейге жанар-жағармай жеткізетінін мәлімдеген еді.

«Үкімет деңгейінде қажет болған жағдайда ресейлік тараппен жанар-жағармай жеткізу туралы келісімдер бар екені айтылды», - деп жазды Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Пікірлер