"Өлекселер мен тірі мал бір қорада". Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары дабыл қақты

611
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылының тұрғындары бір шаруашылықта өлген малмен бірге тірі малдың бір қорада тұрғанына шағымданды. Жағымсыз иіс жайлаған ауыл тұрғындары дабыл қақты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жанға жағымсыз кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетті. Бейнеден өлген малдар мен тірілерінің бір қорада жатқанын және шошқа, сиыр, жылқы малдарының батпан балшыққа былыққан күйін байқауға болады.

"Қырғауылды ауылы, Бірлік көшесі. Бізде масқара болып жатыр. Тірі малды өлекселермен бірге ұстайды. Көп жылдан бері мәселе шешілмей келеді. Дәлірек айтсақ, бүгін ғана білдік! Иісті тазалық болмаған соң шығады деп ойлап жүрсек, анығында өлген малдар жатыр екен! – дейді видео авторы.

Алматы облысының әкімдігі тұрғындардың жағымсыз иіске қатысты шағымы бойынша Қарасай ауданы әкімінің орынбасары мал иесімен әңгімелескенін хабарлады.

Аудандық әкімдіктің ресми дерегіне сүйенсек, 4 мамырдан бастап, яғни бүгін «Актава» баспанасында тіркелмеген 26 шошқаны уақытша орналастыру туралы келісімге қол жеткізілген. Жануарлар ветеринариялық тексеруден және карантиннен өткізіледі.

Сондай-ақ жылқыларды сағат 12.00-ден бастап тасымалдау жоспарланған. Бұл мәселе аудандық әкімдік тарапынан шешімін тапты.
Қазіргі таңда жағдай ауылдық округ әкімінің, полиция мен ветстанцияның бақылауында.

«Жануарлардың иесі Қырғауылды ауылының тұрғыны Алексей есімді азамат. Бұл отбасы осындай жағдайға қатысты 2022 жылы айыппұл арқалаған. 2023 жылы 10 бас жануарды ветеринарлық станцияға тіркеткен. Бүгінгі жағдай біздің мекеменің бақылауында. Қорада механикалық және бірнеше дизенфекциялық тазартулар жүргізіледі», – деп мәлімдеді Қарасай аудандық ветстанцияның өкілі.

Ал Райымбек ауылдық округінің әкімдігі жануарлардың иесі санитарлық талапқа бағынбай келе жатқанына 10 жылдан асқанын мәлімдеді. Арасында айыппұл төлеген. Ауылдастарының шағымдануы бірінші рет емес.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от КАСКЕЛЕН И КАРАСАЙСКИЙ РАЙОН (@kaskelenkz)

 

Пікірлер