Құлсары қаласының «Болашақ» шағын ауданындағы тұрғындар жаңадан берілген үйлердің сапасына көңілі толмайтындықтарын айтып, шағымдануда. Олар қабырғалардың жарылып, үйлердің апатты жағдайға түскенін жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы KYN.KZ агенттігіне сілтеп.
Су тасқынынан кейін жаңа баспана алған тұрғындардың бірі Замира Алакаева өз үйінде жарықтар пайда болғанын айтты.
"8 наурыз күні таңертең қабырғаларда жарықтар пайда болғанын байқадым. Дереу мердігер компанияға хабарластым. Олар мамандар жібереміз деді, бірақ ешкім келген жоқ. Тек 9 наурызда әкімдікке шағымданған соң ғана мамандар келді", — дейді тұрғын.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова құрылыс басқармасы жағдайдан хабардар екенін және тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсаинов мәселені зерттеу үшін арнайы мамандар жіберілгенін мәлімдеді.
Құлсарыдағы жаңа үйлерді салу бойынша тапсырысты облыстық құрылыс басқармасы берген. Құрылыс жұмыстарына сегіз мердігер компания тартылған.
Құрылыс басқармасы үйлердің кепілдік мерзімі бір жыл екенін атап өтті. Егер үйлерде кемшіліктер анықталса, жөндеу жұмыстары мердігерлердің есебінен жасалатыны айтылды.
"Біз тиісті компанияларға ресми хат жолдап, өз есебінен қалпына келтіру және техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етеміз. Барлық ақаулар кепілдік мерзімі ішінде жөнделеді", — деді Нұрберген Құсаинов.