Ақмолалық дәрігерлер СҚО тұрғындарына қалай көмектесіп жатыр?

1165
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасынан.
Фото: Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасынан.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының басқармалары арасындағы төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсету туралы келісім шеңберінде Көкшетау қаласынан санитарлық авиация дәрігерлері Тайынша ауданының тұрғындарына көмекке барды.

Өңірдің санитарлық авиация желісіне жүктіліктің 28 аптасындағы әйелді шұғыл кесарь тілігі арқылы босандырып алу жөнінде шақырту түскен. Әйел екі баланы дүниеге әкелген, оның бірі салмағы 930 грамм ұл бала да, екіншісі салмағы 900 грамм қыз. Мерзімінен бұрын туғандықтан нәрестелердің екеуінің де салмағы төмен және тыныс алуында қиындықтар болған.

Шақырту  бойынша неонатолог - дәрігер Татьяна Шафигина мен медбике Марина Черепашкова шұғыл түрде көмекке барды. Дәрігерлер ұл баланы жағдайы тұрақталған соң Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық көпейінді ауруханасының перинатальдық орталығына алып келді. Ал оның сыңары Тайынша аудандық орталық ауруханасында жергілікті дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдауда. Қыз баланың денсаулығы бойынша білікті дәрігерлер тәулік бойы консультация жасауда.

«Осындай төтенше жағдай кезінде дәрігерлердің ынтымақтастығы мен кәсібилігі өзара келісілген іс-қимылдардың маңыздылығын білдіріп қоймайды, сонымен бірге, өңірдегі медициналық көмектің жоғары деңгейде екенін көрсетеді», - дейді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Камила Әбділманова.

Пікірлер