Депутаттарды әкім таңдамай, халық сайлауы тиіс - Қазыбек Иса

1379
Adyrna.kz Telegram

2 сәуірде  ҚР Парламенті Мәжілісінің  жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет басшысы Олжас Бектеновке  жергілікті өкілетті орган - мәслихаттардың  рөлін көтеру туралы “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялады.

Қазыбек Иса депутаттық сауалында:

– Қазір ел көп мәселеде депутаттарға жүгінетін болғандықтан, халық сайлаған өкілетті  органның рөлін күшейту - заман талабы. Бұл өте өзекті мәселені мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың өзі 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деп атап өткен болатын.

Халықтың өкілді билікке  сенімін нығайту үшін  мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету мақсатында Мәслихат төрағасы лауазымы енгізілді. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібі өзгертілді.

Бірақ «мәслихат хатшысы» деген лауазым “төрағаға” ауысқаннан, мәслихат төрге шығып, ісі өрге шығып кеткен жоқ.  Шын мәнінде, бүгінде әкімдіктердің мәслихаттарға толық үстемдігі анық, өйткені нақты билік атқарушы тармаққа тиесілі. Бұл халық сайлаған депутатқа тағайындалған әкімнің үстемдік етуі демократиялық  ұғымға ешқандай сай  келмейді.

Өкінішке орай, жергілікті өкілді органдардың қызметін халықтың көпшілігі байқай алмауда. Мысалы, Салық кодексінің 696-3-бабында жергілікті мәслихаттарға бөлшек салықтың мөлшерін екі есе азайту құқығы берілген. Бұл шағын кәсіпкерлердің аяғына тұрып кетуінің мықты тетігі.

Ал мәслихат депутаттары осы құқығын қалай пайдалануда? Өткен жыл көрсеткендей, мәслихаттардың бұл құқығы, әкімдіктердің рұқсатынсыз жүзеге аспайды.

“Ақ жол” фракциясы салықты төмендету қажеттілігі туралы Үкіметке және облыс әкімдеріне үш рет депутаттық сауал жолдады.

Соның арқасында аймақтардың басым көпшілігінде 2024 жылға арналған бөлшек салық мөлшері төмендетілді.

Осы бөлшек салық туралы пікірталас, жергілікті мәслихаттардың және мәслихат депутаттарының мәртебесі мен уәкілеттілігінің нақтыланбағандығын көрсетуде.

Қағаз жүзінде мәслихаттың уәкілеттілігіне жергілікті бюджетті бекітумен қатар, Салық кодексі бойынша салықтың 6 түріне төлем мөлшерін  бекіту кіреді екен.

Алайда, бұл мәселелердің бәрі қаржымен байланысты болғандықтан, әкімнің рұқсатынсыз мәслихат депутаттары ешнәрсе істей алмайды қазақша айтқанда…

Мәселенің шешімі мәслихаттардың әкімдіктерге тәуелділігін жою жолымен шешілуі тиіс. Мәслихаттың дербес құрамын әкімдіктің келісімімен айқындауды тоқтату қажет. Депутаттарды  әкім таңдамай, халық сайлауы қажет!

Еліміздің жартысын басып қалған су  тасқынына дер кезінде тосқауыл болмауы жергілікті мәслихат депутаттарының өкілеттігінің әлсіздігіне де байланысты. Себебі өңірлерде су тасқыны болатынын ескерткен мәслихат депутаттарының дабылын әкімдер құлақтарына қыстырмаған. Оның арты міне, алапат су тасқыны мен қырғын мал мен үй, мүлік шығындарына  алып келді. Бұл еліміздің атқарушы билігіне ащы сабақ болуы тиіс және мәслихат депутаттары өкілеттігін күшейтуді жеделдету қажет!

Биыл құрылғанына 30 жыл, бір дәуір болған мәслихаттардың беделін  қалай  күшейтеміз?   

Мемлекет басшысы, аталмыш Жолдауында «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет» деп атап көрсеткен еді. Ал билік тармақтары құзыреттерінің тепе-теңдігі ең алдымен бюджетті бекітуге байланысты болуы тиіс.

Еліміздің Конституциясында, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында мәслихат мәртебесі мен қызметінің негізгі қағидаттары толық ашып көрсетілуі тиіс.

Яғни, халықтың атынан өкілдік ететін органның Тәуелсіздік, Дербестік, Жариялылық секілді басты тіректері  Заңмен бекітілуі керек.

Мәслихатта мән болмаса, жалпы өкілетті органда оның өкілеттігін  күшейтетін заң болмаса, халық сайлаған депутаттар қалай жұмыс істемек?

Осыған байланысты, құрметті Олжас Абайұлы, «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы, 2022 жылғы Конституциялық реформаларда қарастырылған жергілікті өкілді органдардың мәртебесін көтеру аясында,

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жергілікті деңгейде «ықпалды мәслихат – есеп беретін әкім» формуласына жалғастырып, олардың өкілеттіктері аражігін айқындап, мәслихатты әкімдікке тәуелсіз институт ретінде билік тариақтарының тепе-теңдігіне жеткізу  шараларын қарастыру қажет!

Пікірлер