Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының кесек еңбегінің кей беттері табылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Egemen.kz-ке сілтеп.
Алаш мұрасын ден қоя зерттеп жүрген азамат Әділет Ахметұлы ғалымдар іздеп жүрген кітаптың толық нұсқасы алыста емес, Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар қорында екенін тауып, "Егемен Қазақстанға" көлемді мақала жазып, қазақ оқырмандырынан шүйінші сұраған.
1926 жылы Ташкентте жарық көрген "Әдебиет танытқыш" еңбегі "әдебиет теориясы" аталып та кеткен.
Қазақтың қаймақты тілімен қазыналы дүниетанымына бейімделген бұл кітаптың соңғы беттері ізім-қайым жоғалған болатын.
А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет «Әдебиет танытқыштың» соңғы бірнеше бетінің ұшты-күйлі жоғалғанын, әлі де табылмай келе жатқанын бірнеше рет жазған болатын.
Алайда араға біраз жыл салып ұлт ұстазының жоғалған мұрасы табылғаны айтылды. «Әдебиет танытқышының» соңғы беттерінің жыртылмаған нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында болып шықты.
Күні бүгінге дейін «Әдебиет танытқыштың» 1926 жылы басылған нұсқаның үш данасы ғана белгілі екен. Оның бірі – Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорындағы 280-беттен аяқталатын нұсқа. Ал екіншісі – Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорындағы 282-беттен тұратын нұсқасы болса, соңғысы – ғалым Әди Шәріповтің жеке қорында сақтаған нұсқа.