Журналист Головкинді ҰОК басшысы ретінде тағайындауға қарсы екенін айтты

1679
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Қазақстанға танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбай Facebook парақшасында Геннадий Головкинннің Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басшысы ретінде тағайындауға қарсы екенін білдірді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Журналистің айтуынша, комитет басшысына лайықты одан да басқа көптеген спортшылар бар. Бірақ ешқандай сайлау нәтижелерінсіз боксшы Геннадий Голокинді комитет төрағасы етіп тағайындау дұрыс емес.

«Қазақ спорт тарихында небір мықты спортшылар болды. Қажымұқан атамыздан бастап, кейінгі Кәкен Ахметов, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов бар, Серік Сәпиев, Ислам Байрамуков сияқты спорт майталмандарын айта аламыз. Осы аты аталғандардың әрбірі елімізде, әртүрлі салада еңбек етіп жүр. Сонда біз осы адамдарды ашық сайлауға шақырмай, «Геннадий Голокин Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басшысы бола салсын» деген бір адамның сөзімен «Жаңа Қазақтан – Әділетті Қазақстан» боламыз деген заңымызды бұзбаймыз ба?! Мұндай маңызды шаруаны алдын ала жариялап, спорт ұйымдарының мамандары мен өз кандидатурасын ұсынатын жандарды жинап, сайлау кезінде ешқандай қысым жасамай, үміткерлерді бақылап, басшы тағайындасақ – біз еш уақытта өкінбес едік. Олимпиадалық спорт ойындары – қазақ халқының бет-бейнесі, ұлттық құндылықтарымыздың бір парағы, өйткені олимпиадалық ойындарда біздің чемпиондар тұғырда жалауымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетеді. Ал комитет төрағасы осыған жауапты тұлға. Сондықтан бұл жобаны кең көлемде, жауапкершілікпен талқылаған дұрыс деп есептеймін.

Мен Головкиннің мықтылығына айтар дауым жоқ. Дегенмен оның кәсіпқой спорттағы жасаған еңбектері үшін ол ешқандай талапсыз Ұлттық олимпиадалық комитетті басқара алады деп кесіп айтуға келмейді», - деп өз ойын ашық айтты Несіп Жүнісбай.

Сондай-ақ «Дәулет Тұрлыхановтың кандидатурасынын қолдауыңызға не себеп?» деген сұраққа журналист былай деп жауап берді:

- Дәулет Тұрлыхановтың спорттағы жеңістері  мен жеткен жетістіктері көп. Атап айтсақ, Кеңес  одағының 7 дүркін чемпионы болу – бірде-бір палуанның қолынан келмеген жетістік. Сондай-ақ ол бүгінгі таңдағы Әлемдік күрес өнерінің атқару комитеті қатарында жүрген жалғыз қазақ. Одан бөлек Азия күрес одағының президенті, Қазақстан күрес федерациясының президенті. Ал оның жеке өміріне мен пікір айта алмаймын, бірақ оның спорт саласына қосқан үлесін айтпасқа болмайды. Ұлттық олимпиадалық комитет – спортшыларды тәрбиелеп, оларды жаттықтыратын ұйым емес, ол дайын спортшыларды әлем чемпионаттарына бастайтын ұйым. 1994 жылы Азия ойындарына Жапонияның Хиросима қаласына барғанымызда (Осака әуежайында), жапон журналистері неліктен Қазақстан  ұлттық құрамасындағы спортшылардың 97 пайызы еуропалықтар екенін сұраған. Егер ойланатын болсақ, бұл сұрақтың астарында үлкен мән жатыр», - деп журналист ойын қорытындылады.

Естеріңізге сала кетейік, 26 ақпанда еліміздің Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті ауысады. Алдын ала болжам бойынша, комитет төрағасы ретінде Геннадий Головкин тағайындалады деп айтылған болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер