Көкшетауда ғалымның ескерткіші көрпеге оралған күйінде қоқыстан табылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Ұлысмедиаға сілтеп.
Шоқан Уәлихановтың ескерткіш-бюсті кір көрпеге оралған күйде қоқысқа тасталған. Құнды бюст қаланың шеткі аймақтарының бірінде қоқыс үйінділері мен гараждардың арасынан табылыпты.
Ел үшін аянбай еңбек еткен тұлға мүсінінің лас жерде жатқаны көптің назарын аудартып, қоғам арасында резонанс тудырды.
Бюстті тауып алған қала тұрғыны - Аслан Төлегенов.
«Қала ішінде қоқыстар мен гараждардың арасында ескерткіш жатқаны туралы сыбыс желдей ескен еді. Соны анықтап білейін деп арнайылап барғанмын. Ескерткіш-бюст патшалық Ресей кезіндегі формамен тұрған Шоқан Уәлихановтың ескерткіші екен. Ескерткіштің қандай себеппен қоқысқа тасталғаны, ескі жарылған көлік дөңгелектерінің астында жатқаны белгісіз. Ескерткішті суға батқан адам тәрізді ескі жырым-жырым болған көрпемен орап, сыммен сыртынан байлап тастаған. Ескерткіш қоқыстың арасында жатыр», - дейді ол.
Ақмола облысының мәдениет басқармасы басшылығы аталған бюст кімге тиесілі екенін анықтаған. Ол жеке коллекция жүргізетін Мейрам Қойшыбаев деген адамға тиесілі болып шықты. Басқарма жауабында:
«Қалалық әлеуметтік пабликтерде Шоқан Уәлиханов мүсінінің тиісті түрде сақталмағаны туралы ақпарат тараған болатын. Бірақ аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Өйткені аталған бюст суретші Мейрам Қойшыбаевтың жеке меншік коллекциясында болған. Мүсінші қайтыс болғаннан кейін бюст оның жақындары жекеменшік территорияға тасымалдаған», - дейді Ақмола облысының Мәдениет басқармасынан.