Сәкен серінің туғанына - 90 жыл

1961
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - Қазақстаннның халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына - 90 жыл.

Сәкен Жүнісов 1934 жылы Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келген.

Ол 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін, еңбек жолын "Пионер" (қазіргі "Ақжелкен") журналында әдеби қызметкер болып бастады. М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қорында Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарды.

Сәкен Жүнісов бірыңғай жазушылықпен айналысқан. Жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірінде қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. "Ақан сері" дилогиясы, "Жапандағы жалғыз үй", "Заманай мен Аманай" романдары қалың оқырман қауымнан да, әдеби сыннан да жоғары баға алды. "Ажар мен ажал", "Тұтқындар", "Қызым, саған айтам", "Жаралы гүлдер", "Қос анар" тағы басқа пьесалары Республика театрларында қойылды. "Өліара" пьесасына 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Балаларға арналған "Сонарда" деп аталатын алғашқы кітапшасы 1959 жылы шықты. Бұдан соң, 1961 жылы жас жеткіншектер үшін "Әжем мен емші және дәрігер", 1962 жылы "Кімнің мекені жақсы?", 1983 жылы "Сақау бәтеңке" сияқты т.б. кітаптары жарық көрді. "Өшпейтін іздер" повесін, 1965 жылы "Жапандағы жалғыз үй" романын жазып, орыс тіліне 1968 жылы аударылған. "Ақан сері" дилогиясының бірінші кітабы 1971 жылы жарық көрсе, 1977 жылы екінші кітабы оқырмандарына жол тартты, ал 1979 жылы орыс тіліне аударылды. 1987 жылы "Заманай мен Аманай" повесін жазды.

Көптеген шығармалары шет тілдерге аударылған. Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Т.Гончардың "Перекоп", "Көкадыр" романдарын қазақ тіліне аударған.

Пікірлер