«Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» Заманауи қазақ прозасына – жаңа шығарма

2011
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде жас ақын, жазушы Әлихан Жақсылықтың “Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?” атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

19 қаңтарда өткен тұсаукесерге Қазақстанның белгілі ақын-жазушылары,  ұстаздар, журналистер  мен жастар қатысты. Кешті белгілі ақын Ержан Алаштуған жүргізіп отырды.

Айта кетейік, «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романының өзі осы Ержан Алаштуғанға арналып жазылған.

Кітаптың тұсауын ақын Абзал Бөкен, жазушы Ділдар Мамырбаева, ақын Бақыт Беделхан, жазушы Заря Жұманова мен суретші Шаттық Батан кесті.Ақын Абзал Бөкен келгендерге өз шығармашылығынан өлеңмен шашу шашты.

Кеште ыстық лебіз де, тілек те айтылды. Одан бөлек, жазушының жаңа туындысына пікірін білдіріп, ойларымен бөліскендер көп болды. Бірі кітапты «жастардың жаңа бағыты» десе, бірі «ұлттық құндылықтан ажырамауымыз керек» деді.

«Бүгінгі кеш сәтті өтті. Кітаптың бас жағын, ортасын шолып шыққан оқырмандар өз пікірін білдірді. Алдағы уақытта толық оқыған оқырмандардың пікірін күтемін. Бүгінгі кеш тартысты болды. Жай ғана роман төңірегінде емес, қазіргі қазақ әдебиеті туралы, қазіргі заманауи қазақ прозасы, әлемдік прозалар жайында әдебиетшілер арасында талқылаулар болды», - деді жазушы Әлихан Жақсылық «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында.  

25 жасында Жазушылар одағына мүше болып, 26-сында «Ерен еңбегі үшін» медалін алған қаламгердің бұл үшінші кітабы. Бұған дейін жас жазушының 2019 жылы «Алты құрлық» кітабы, 2021 жылы «Төрт мұхит» хикаяттар жинағы жарық көрген. Ал атауы Францияны еске түсіретін «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» кітабы Францияға мүлде қатысы жоқ.  

«Кітаптың атауы «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» дегенімен, кітап Франция жайлы,  не шіркеу жайлы емес. Өздеріңіз оқып шыққаннан кейін толық түсінесіздер.

Бұл кітап қазіргі қоғамдағы жастардың, жасөспірімдердің ішкі ойларын білу үшін, оларды түсіну үшін арналған. Бұл шығарманы оқыған адам барынша айналасындағы адамның ішкі әлеміне үңілуге талпыныс жасайды.  «Адам ізденісте жүріп-ақ өзінің қараңғылығынан, бодандығынан босай ала ма?» деген сұраққа жауап іздейді.

Одан бөлек, шығарманы жазуға қарсылықтар, яғни, үлкен буын мен жаңа буын арасындағы талас-тартыс себеп болды. Жалпы өнер, әдебиет, сурет болсын, бәрі талас-тартыстан туындайдыемес пе?», - деді жазушы.

Заманауи қазақ прозасының жаңа туындысына қызығушылық жоғары. Қазірдің өзінде баспадан шыққан 1000 дана кітаптың түгелге жуығының оқырманы бар.

«Проза мен поэзияда жастардың үні кесек. Үлкен толқынның келгендігін байқаймын. Біз жастарға мүмкіндік пен еркіндік беруіміз керек» деді Ержан Алаштуған кеш барысында.

Сонымен қатар, кітап ішіндегі сырлы мәнге толы суреттерімен ерекше. Белгілі суретші Шаттақ Батанұлының майлы бояумен салынған, тылсымға толы суреттері кітапқа екінші тыныс бергендей.

Айтпақшы, алдағы уақытта Әлихан Жақсылықтың бұл романы шет елдіктерге жол тартпақ. Ағылшын тіліне аударылып та үлгерген. Оның таныстырылымы Лондон қаласында өтеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Әлихан Жақсылық 1998 жылы 1 қаңтар күні Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі.

Шығармалары байқауларда топ жарып жүрген Әлихан Жақсылық алғашында өңір жұртына жазушы емес, айтыскер ақын ретінде танылған.

А.Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай өткен «Ұлы Дала» шығармашылық байқауында проза номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2023 ылы «Жетісу көктемі» әдеби байқауында Қ.Тоқаев атындағы жүлдеге ие болды.  ІV Республикалық «Таласбек сыйлығы-2023» шығармашылық байқауының лауреаты.

Бірқатар туындылары қырғыз, түрік, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған.

Көптеген аниациялық сериалдардың авторы. «Балапан» арнасынан көрсетілетін «Ұшақтар», «Ырысты ыдыстар», «Ақылды көжектер» және «Қаһарман» секілді онға жуық анимациялық фильмге сценарий жазған.

Дана Нұрмұханбет
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер