Айбек Нұғымаров әлемдік Гран-При жеңімпазы!

212
Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында  Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен өткен әлемдік гран-при сынында қазақстандық Айбек Нұғымаров жеңіске жетті.
Өткен аптада Нұр-Cұлтан қаласында өткен “Қазақстан Барысының” жеңімпазы атанған балуан бұл жолы да бабында екенін көрсетті.

Әлемнің 28 елінен келген арыстан жүрек палуандар арасында ақтық сынға шығу  Айбекке оңай болмады. Грузин палуанымен өткен жартылай финалдан кейін Айбекті ақтық сында өзбекстандық Мұқсин Хисамединов күтіп тұрған. Екеуінің күресі Ырғызбай Досханаұлы Ақсуаттың орталық стадионына жиналған жұртты орнынан тік тұрғызды. Айбек жеңімпаз атанды. Ал, грузиялық Георджи Катарадзе үшінші орынға табан тіреді  Белдесу аяқталғаннан кейін Айбек өз ойымен бөлісті.

"Қазақстан Барысы" турнирінен кейін демалып үлгерген жоқпын. Түрлі басқосуларға, телеарнадағы түсірілімдерге қатысып, шаршағанымды байқадым. Біздің өңірде өтіп жатқан жарыс болған соң, ұйымдастырушылар қолқа салды. Бас тарта алмадым, елімнің намысын абыроймен қорғағаныма қуаныштымын. Маған қолдау білдірген Ақсуат жұртшылығына рахмет. "Тұғыры биік-Тарбағатай" атты өнер және спорт фестивалін өткізіп жатқан Талғат Мазбаев, Дулат Тастекеев ағаларыма алғыс білдіремін",- деді Айбек Нұғымаров.

Нәтижесінде 70 келі салмақта қола жүлдеге Молдова спортшысы Геордже Року, күміске қазақстандық Өскен Төлеубеков, ал алтын жүлдеге грузиялық Звиад Одошешвили ие болды.

80 келі салмақта бірінші орынды Тәжікстан спортшысы Хамроз Раджабо, екінші орынды грузиялық Каха Момулашвили, үшінші орынды қазақстандық Бекзат Манасбаев иеленді.

Жеңімпазға ұйымдастырушылар 2 миллион теңге, екінші орынға 1 миллион, үшінші орын алған спортшыға 500 мың теңге табыстады.

Спортшыларды атақты боксшы Қанат Ислам, ақын Жүрсін Ерман, Ақсуат ауылының құрметті азаматы Тұрсын Тастекеевтер марапаттады.
Қазақ күресі турнирі аяқталғаннан кейін Qazaq Promotions компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтті. Қазақстандық Елдияр Қамшыбеков, Нұрлан Сапарбай, Нұрсұлтан Аманжолов секілді қазақ боксшылары шаршы алаңға шығып, жұрт алдында өз өнерін көрсетті.

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер