"Таусылмайтын төлем". Депутат Нартай Аралбайұлы утильалым бағасын өзгертуді ұсынды

1695
Adyrna.kz Telegram
Фото: Парламент мәжілісінің баспасөз қызметі
Фото: Парламент мәжілісінің баспасөз қызметі

Депутат Нартай Аралбайұлы билікке сырттан әкелінетін көлік құралдарына салынатын кедендік баж салықтарына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ескі автокөліктер мәселесін көтеріп, шетелдік көлікті елге кіргізу үшін төленетін төлемдердің қалта көтермейтіндігіне назар аударды.

Мәжіліс отырысында мәселені баяндаған депутат қазақстандықтар көлікті Қырғызстан арқылы екі есе арзанға кіргізіп жүргенін, салдарынан ел бюджеті қыруар ақшадан қағылып отырғанын айтты.

Депутат сандарды сөйлеьіп, арнайы статистика бюросының мәліметін де жайып салды. Оның сөзінше, Қазақстанда 4 миллион жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты — 10 жылды құрайды. Ал Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49% зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21% 10 жыл толған.

"Қазақта: "Шабатын көлік күй тілейді" дейтін бар. Бірақ 4 миллион жеңіл автокөліктің тең жартысының тас жолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса одан қандай күй сұраймыз? Үйсіз, күйсіз жүрген азаматтарымыздың ең болмағанда дұрыс көлік мінгісі-ақ келеді. Бірақ оған ақылға сыймайтын кедергілер қойылған. Әрі қарай, көліктің шығарылған жылына қарай төлем бар. Первичка дейді. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса тағы 1,8 миллион теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті  төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды.
Азаматтарымыз міндеттемелерді төлемейміз деп отырған жоқ, бірақ басты проблема кедендік сетка", - деп депутат жүргізушілердің басты мәселесін билікке жеткізді.

Депутаттың мәліметінше көлік алғандар таусылмайтын төлемнен арылу үшін көршілес Қырғызстанға тіркеледі.

"Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейді. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз екен. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен делінеді ашық дерекөзде. Осылайша Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуі тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отыр", - деп түсіндірді Нартай Аралбай.

 

Пікірлер