Жылу жоқ. Алматыда жолды жапқан тұрғындар жауапкершілікке тартылды

2107
Adyrna.kz Telegram
tengrinews.kz
tengrinews.kz

Алматыда «River Park» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жауапкершілікке тартылды, "Адырна" тілшісі.

Полиция тұрғын үй кешенін жылумен қамтамасыз етуді талап етіп, жолды жауып тастаған «River Park» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын жауапкершілікке тартты.

23 желтоқсан қарсаңында Алматыдағы «River Park» тұрғын үй кешенінің ондаған тұрғыны Мақатаев көшесін жауып, үйлерін қалыпты жылытумен қамтамасыз етуді талап еткен.

Бұған дейін тұрғындар қала құрылысын басқару басқармасына үндеу жасаған.  Наразылықтан кейін басқарма құрылыс компаниясын сотқа берген.

«Біздің үйлеріміз газбен жылытылады деп жоспарланған, бірақ әзірге газ қосылған жоқ. Егер қазір электр құрылғыларын қоса бастасақ, онда электр желісіне салмақ түседі», – деді тұрғындар.

Полиция бұл жолы жолды жапқан тұрғындарды қоғамдық тәртіпті бұзды деп жауапкершілікке тартқан.

«Алматыда «River Park» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуды қосу талаптарымен Мақатаев көшесін жауып тастады. Осылайша бұл азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, басқа азаматтарға қолайсыздық туғызды. Осыған байланысты төрт азаматқа қатысты полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Акцияның басқа тоғыз қатысушысы көлік құралдарының жүрісіне кедергі жасағаны үшін Кодекстің 614-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Естеріңізге сала кетейік, заңсыз наразылық акцияларын ұйымдастыру және өткізу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Пікірлер