Интернет алаяқтық күн санап өсуде - депутат

1062
Adyrna.kz Telegram

Депутат Данияр Қасқарауов бірден үш министрлікке депутаттық сауал жолдап, елдегі интернет-алаяқтарға алданғандардың мұңын айтты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. Ол мәселені Ішкі істер, Цифрлық даму және Әділет министрлеріне қарастыруға шақырды.

Қасқарауов интернет алаяқтарға қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын айтты. Әлі күнге дейін әртүрлі телеграмм чаттар арқылы қомақты ақша табыңыз деп, талай үйде отырған аналарды алдап келе жатқандардың саны күн санап өсіп жатқанын қосты ол.

"Ішкі істер министрлігімен қылмыстық істер қозғалады, бірақ алаяқтың өзін табу мүмкін емес болып отыр. Соңғы ақпараттарға сәйкес тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркеліпті. Оның ішінде, 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып азаматтарды алдаған. Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те. Алаяқтар тоқтайтын емес. Жеке деректердің құпиялылығы ешкімде құпия болмай тұр" деді ол.

Ол өзінің өмірінде болған оқиғадан мысал келтірді:

"Бір ғана мысал келтірейін.  Мәселен, жақында бір танысым жеке компаниясын ашып, құжаттарын Егов электронды Үкіметі арқылы тіркетті. Бұл процесс ешкімнің қатысуынсыз, тек Порталда жасалды. Дегенмен, сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау түсіп, арнайы есептік шот  ашыңыз деген ұсыныс түсткен. Ал, ертесі күні заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, өз қызметтерін ұсынған. Ең сорақысы, енді жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып көлік қызметін ұсынып отыр екен. Бұның бәрі небәрі 2-3 күнде орын алған жағдай" деп қосты мәжілісмен.

Сондай-ақ, депутат бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат  алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік жоқтығына күмән келтірді.

 

Пікірлер