Тыңнан түрен салу: ЖОО ғылымын дамыту стратегиясын қалай жүзеге асырамыз?

7162
Adyrna.kz Telegram

Геосаясаттың шиеленіскен шағында Қазақстанның жаһандық кеңістікте нық орнығуына инновациялық экономика ғана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан еңбек нарығы  да әсер етеді. Бұл бағытта, әсіресе,  университет ғылымының "қайта жаңғыруы" тиіс екенін баршамыз түсініп отырмыз. Халықаралық ахуалдың аумалы-төкпелі кезеңінде университеттің сапалы маман даярлауы өз алдынан, білім беру компоненті мен зерттеу қызметін тоғыстырып, ел мүддесін ілгерлетуге ат салысуы да қажетті бағдар.

Университетті білім беру және ғылыми ұйым ретінде қарастыра отырып, қызметтің екі бағыты да тұрақты кәсіби негізде жүзеге асырылуы керек екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, бұл бағыттардың ауқымы түрде қамтылып, университет үшін бірдей деңгейде жүзеге асырылуы керек. Университеттегі білім мен ғылым ұлттық экономикамыздың қос қанаты, біз одан шеткері кетіп дамудың даңғыл жолына түсе алмаймыз.

Жоғары білім сапасының қажетті шарты ретінде танылған университет қызметіндегі ғылым мен білімнің өзара байланысына профессор-оқытушылар құрамы ғана жауапты емес. Сонымен қатар, озық ойлы, қағілез, туындыгер студенттерді де университеттің ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға қатыстыру, тарту аса маңыды. Өйткені университет қабырғасында ғылыми жобаларға қатысқан студент ширайды, ғылыми пайымдауы жетіледі және сыни санасы артады. Бұл жердегі басты проблема – ғылым мен білімнің арасындағы байланыстың мешеулігі. Көптеген университетте ғылыми-инновациялық вектор өз дәрежесінен аз дамығаны жасырын емес.

Студенттердің ғылыми жұмыспен аз қамтылуының негізгі себептері:

  • ғылыми жұмысқа жеткілікті уақыт бөлінбеуі және білім берудің үстемдігі;
  • студенттер қатыса алатын ғылыми жобалардың аздығы (университет тартқан қаражаттың аздығы және меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобалардың жетіспеушілігі);
  • нақты ғылыми біліктілігі бар (тек оқытушы біліктілігі ғана емес) және жоба жетекшілері ретінде студенттермен ғылыми зерттеулер ұйымдастыруға және жүргізуге қабілетті ғылыми-педагогикалық кадрлардың тапшылығы;

Мұндай кілтипандарды шешу мен бейтараптандырудың жолдары көп. Атап айтқанда, студенттермен ғылыми жобаларды жүргізуге арналған ұзақ не қысқа мерзімді келісімшарт жасасу. Себебі, заңдық күшке ие келісімшарт қандай да бір нәтиженің болатындығына кепіл бола алады әрі студенттің ғылыми жобаға қатысты жауапкершілікті сезінуіне ықпал етеді.

Университет ғылымын дамыту стратегиясындағы негізгі міндеттердің бірі оның корпоративтік (салалық) ғылыммен интеграциясын күшейту. Сонымен қатар, кәсіпорындардың алынған нәтижелерге сұранысын арттыру. Тағы бір айта кетерлігі, университет ғылымымен бизнестің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау ма маңызды міндет екенін негізге алған жөн.

Сондықтан, ғылыми-техникалық саладағы кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының өзара іс-қимылын ынталандыратын жүйелі шара бизнес үшін оқу орындарымен ынтымақтастықтың неғұрлым тиімді режимін белгілейтін арнайы механизмдерден тұрғаны дұрыс.

Қорыта айтқанда, университет ғылымын "қайта жаңғыртудың"  тәсілдері және оны қамтамасыз ететін іс-шаралар түбегейлі өзгерістерді қамтиды. Шын мәнінде, университеттер білім беру компонентін екінші орынға жылжыта отырып, кәсіби негізде жүзеге асырылатын зерттеу қызметіне бет бұруы керек. Жоғары оқу орындарының қызметіндегі басымдықтардың мұндай өзгеруі университеттердегі зерттеу жұмыстарын жандандырудың бірден-бір мақсатына байланысты емес, инновациялық экономиканың, еңбек нарығының заманауи талаптарына байланысты.

Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бизнестің университеттермен өзара іс-қимылын кеңейту үшін қосымша фискалдық ынталандыру, ЖОО ғылымын дамыту бойынша ұсынылған шаралар кешенін іске асыру және, сайып келгенде, мемлекеттік ЖОО-ларды өңірлердегі әкімшілікпен байланыстыру, көшбасшы университеттер ұсынған зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелі ЖОО секторын қалыптастыру қашан да басты назарда болуы тиіс. Бұл бағыттарға басымдық бергенде ғана университет өрендері кәсіпкерлік сектор тарапынан сұранысқа ие және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алады.

Дастан Қастай

Журналист

Пікірлер