Мәһрге – Hummer. Неке сыйлығына қымбат дүние сұраудың қоғамға әсері қандай?

9437
Adyrna.kz Telegram

Неке отбасын құрудың негізі болып табылады. Неке қию, шаңырақ көтеру – ер адамға да, әйелге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Дінде де оның бірнеше шарты бар. Соның бірі баршамызға белгілі мәһр сұрау. Неке қиылған соң әйел адам ер адамнан мәһр сыйлығын, яғни неке сыйлығын сұрайды. Алайда, бұл дәстүр қазақ салтында бар ма, оның шарты қандай, қымбат сыйлық сұрау дұрыс не бұрыс екенін «Адырна» тарқатады.

Неке қию рәсімінің өзіндік жөн-жоралғысы, мәні бар. Ежелден-ақ жас-жұбайлар некесін шариғат бойынша қиып шаңырақ көтеріп, отбасы атанған. Құдаласып, қалыңдықты дұрыс жолмен, салт-дәстүрге сай үйінен ұзатып әкелгенен кейін жігіттің үйіне молда шақыртып немесе мешітке барып неке қию рәсімін өткізетін болған. Негізінен бұл рәсім бүкіл үйлену салтынан бұрын не барлығы орындалғанан кейін де жүргізіледі. Оның өзінің бірнеше қадамдары болады. Мәселен, әуелі екі жастың бір-біріне деген ризашылығы, екіншіден жастардың некесіне куәгердің болуы, үшінші қадамы қызға сұраған сыйын беруі, төртіншіден қыз баланың ата-анасының ақ батасы, бесінші үрдісі тұз және қант қосылған неке суын татуы.

МӘҺР ТҮСІНІГІ МЕН ЖАЙТТАРЫ

Мәһр - неке қиғанда әйелге берілетін сый. Ол әйелдің мүлкі болып саналады, оған ешкімнің қол сұғуға құқы жоқ. Бірақ дінде мәһр міндет болып саналмайды, яғни неке шарттарынан емес, неке мәһрді атамай-ақ, қиыла береді.

Қоғамда некелесуге ниеттенген жастар арасында мәһр мәселесіне келгенде келіспей қалғаны, тіпті ажырасып кеткен жайттары да кездеседі.

Осыған дейін қоғамда талқыға түскен мәһр сыйлығына қымбат көлік сұраған қыздың әңгімесі дау тудырған болатын. Драматург Сая Қасымбек Facebook-парақшасында осы туралы жазған еді.

Қыз бен жігіт некелесу үшін мешітке барған. Имам қыздан мәһрге не сұрайсың дегенге, қыз қымбат Hummer көлігін атаған. Болашақ жарының қымбат көлік сұрағанына жігіт үнсіз орнынан тұрып, «той болмайды» деп, ешкімге қарамай шығып кеткен. Жігіт достарының бірі қыздың «ойнап айттым» дегенін естіген, ал жігіт «Құдайдың үйінде ойнайтын әйел керек емес» деген жауап қайтарған.

Осыған ұқсас оқиға ел алдындағы белгілі блогерлер Аян мен Үміт арасында болды. Мәһр сыйына сұралған екі бөлмелі пәтер үшін жанжал туып, артынша өзге де мәселелер қосылып ақыры халықтың сүйікті жұбы ажырасып кетті.

«Біздің ортақ шешіміміз болды. Мен ол кісіге бақыт тілеймін. Арамызда түрлі кикілжің болды. Бәрін айтып қараламай-ақ қояйын. Бірақ ол әлі күнге дейін менің мәһрімді де берген жоқ. Сол үшін мен үйдегі ақшаны алып кетіп қалдым», - деді Үміт өз оқырмандарына.

ДІНТАНУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Ұқсас оқиғалар қоғам арасында түрлі пікір туындатты. Мәселеге қатысты Дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты Әл-Фараби Нұрбекұлы ойымен бөлісті:

«Жалпы «мәһрун» деп фиқһта (ислам юриспруденциясында) әйел адамға берілетін неке сыйын атайды. Сунниттік исламның ханафи мәзһабы бойынша неке сыйы «мәһр» аталуы үшін 10 дирһамнан аз болмауы тиіс, ол дегеніміз 4,25 грамм алтынды құрайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мәһр жөнінде пәтуа (шешім) қабылдаған еді. Әйел адам мәһрді өзі белгілейді, бірақ ешнәрсе сұрамай-ақ тұрмысқа шығамын десе, ол да рұқсат. Күйеуі келісілген мәһр мөлшерін неке келісімшарты жасалғаннан кейін қалыңдығына беруі тиіс. Егер де бірден беруге жағдайы болмаса, оны бөліп беруге де болатындығы айтылған. Күйеуі әйелінің рұқсатынсыз берілген неке сыйына қолын сұға алмайды. Мәһрдің мәніне келсек, негізі мәһр – бұл әйел адамның материалдық кепілдігі. Яғни, күйеуімен ажырасса немесе күйеуі қайтыс болса, өзін асырауға көмек болатын мүлік», - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, маман қазақ дәстүріндегі «қалың мал» ұғымының мәһрге қатысы жоқ екенін айтты:

«Қазақтың дәстүрінде «қалыңмал» деген ұғым бар екені мәлім. Ол бөлек нәрсе, себебі қалыңмал тікелей қалыңдықтың әке-шешесіне беріледі, ал мәһр болса тікелей қалыңдыққа беріледі. Алайда, әйел адам мәһрді қалыңмал ретінде қабылдаймын деген жағдайда, осы екі ұғымды біріктіруге болады», - деп жауап берді Әл-Фараби Нұрбекұлы.

МӘҺР ҚАЗАҚ САЛТЫНА «ЖАЛПАҚ» КЕЛМЕЙ МЕ?

Қазақ салтында неке қию дәстүрі қалай жүзеге асатыны туралы этнограф, белгілі мәдениеттанушы Тәттігүл Қартаева баяндап берді:

«Қазақта «үй ішінен үй тіксе жылы болады» деген сөз бар. Бұл кезіндегі үй ішінде ата-ананың көзінше қиылған некелерге қатысты айтылған сөз. Ал қазіргі қоғам мешітке барып, молдаға неке қидыруды әдетке айналдырды. Отбасылық құндылықтың мәнін осылайша жоғалтып бара жатырмыз. Неке үйде қиылғаны дұрыс. Бұрынғы салтымызды қазір Иран қазақтары мен Түркиядағы қандастарымыз сақтап қалып отыр. Яғни, қыздың үйінде, қыздың әкесінің көзінше ақ батасын алып отбасын құру бұл ең дұрыс жол. Қыздың ары-қарай үбірлі-шүбірлі болуы осы әкесінің батасына қарай жүретін
дүние», - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, мәһр сұрау мәселесіне қатысты:

«Мәһр деген сөз біздің фольклорлық мұрамызда болған емес. Түрлі дастандарымыз, ғашықтық жырларымыз осы күнге дейін жетті. Біреуінің бірнеше нұсқасы бар. Бірақ соның бірінде мәһрге мынанша дүние сұрапты дегені кездеспейді. Десе де «қалыңмал» ұғымын мұнымен шатастыруға болмайды. Қалың малды жігіттің әкесі қыздың әкесіне мал құны ретінде берген. Ал қалыңмал кейін қыздың артынан жасау болып қайтқан. Қалыңмал құдалар арасында жүретін болғандықтан ежелде неке қиған молдалар қыз бен жігіт арасында дүние сұратпаған», - деп жауап берді ол.

 "Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер